"Балалар аутизмі, астма, альцгеймер". Қазақстандық дәрігер еліміздегі лас ауаның бала денсаулығына тигізетін зияны туралы айтты

"Балалар аутизмі, астма, альцгеймер". Қазақстандық дәрігер еліміздегі лас ауаның бала денсаулығына тигізетін зияны туралы айтты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қазір Алматыда ауа ластануы белең алып тұрған мәселе. Бұл туралы экобелсенділер көптен бері айтып, дабыл қағып жүр. Әлем бойынша инсульт, өкпе қатерлі ісігі және жүрек ауруынан болатын өлім-жітімнің 3\1 ауаның ластануынан болады. Massaget.kz тілшісі интегративті дәрігер-онколог Бота Қуановадан лас ауа денсаулыққа қалай әсер ететінін, оның кесірінен қандай ауруға шалдығу ықтималдығы артатынын, сақтану үшін қандай шара қолдану керегін сұрап көрді.

Алматыдағы лас ауаның құрамында көптеген улы зат бар. Бұл улы заттың көзі зауыт, фабрика түтіні, көлік газы, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығаратын қалдық және тағы басқа. Бұл токсиндер тізімі:

  • көміртегі (карбон) моноксиді, диксиді;
  • азот оксиді және диоксиді;
  • күкірт диоксиді;
  • пентан және гексан;
  • бензин, толуин, полициклді хош иісті бикарбондар(РАН);
  • күн сәулесінің гидрокарбондарға жанасуынан пайда болатын озон;
  • нитрозамин;
  • дизель отынынан шығатын қатты заттар.

Адамдар лас ауаның кесірінен қандай ауруға шалдығуы мүмкін?

Маманның айтуынша, ДДСҰ тұжырымы бойынша адамның ағзасына дизельден бөлінетін улы қатты заттың басқа химикаттарға қарағанда тигізетін зияны көбірек.

"Дизельден бөлінетін улы зат адамды өкпе онкологиясы, жүрек ұстамасы, инсульт, бүйрек және қуық онкологиясына шалдықтырады. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сәйкес бұл улы зат орталық жүйке жүйесін ерте тоздырып, бас мидың альцгеймер сияқты дегенеративті ауруларына әкеледі. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалар арасында ұйқының бұзылуын тудырады", - дейді дәрігер.

Азот диоксиді тоқ ішек қатерлі ісігі әкеп соғатын адам өлімімен тығыз байланысты. Дәрігер, азот диоксиді созылмалы обструктивті өкпе ауруын тудыратынын, оған қоса азот диоксиді мен дизель отынынан бөлінетін қатты зат бірігіп балалар арасында белең алып келе жатқан аутизммен байланысы бар екенін атап өтті.

"Күкірт диоксиді мигрень, балалар астмасын тудыратыны анықталған. Озон мен толуин альцгеймер сияқты нейродегенеративті аурудың пайда болуына әкеледі. Ал полициклді хош иісті бикарбонаттар өңеш қатерлі ісігіне(қылтамақ) шалдықтырады", - деді маман.

Темекі түтіні мен көлік газынан бөлінетін нитрозаминдер сүт безі обырын, асқазан онкологиясын тудырып,  ДНҚ-ны бұзады.

Бота Қуанованың сөзінше, ауаның ластануы адам ағзасында көптеген қабыну процесін жүзеге асырып, балалар лейкозын, диабет, аллергиялық ринит, аутоиммунды ауруларды тудырып, ойлау қабілетінің төмендеуіне себеп болады, остеопороз, сүйектің сыну қаупін арттырады.

Сондай-ақ бұл тізімде:

  • Коньюктивит;
  • Көз шырыны құрғақтығы;
  • НЯК/Крон сияқты ішектің қабыну аурулары;
  • Тромбоз;
  • Экзема;
  • Есекжем(крапивница);
  • Акне және ерте қартаю да бар.

"Жүздеген ғылыми зерттеу нәтижесі ауа токсиндерінің ағзамызға ментальды және физикалық зақым тигізіп жатқанына дәлел. Ауыр метал мен улы химиялық қоспалар жердің бетіне жақын шөгетіндіктен әсіресе балаларымыз "улы коктеиль" ортада өсіп жатыр. Бұл сөзімнің дәлелі ретінде балалар арасында артып келе жатқан аллергия, аутизм, онкология сияқты денсаулық мәселелері айдан анық", - деп қосты Бота Қуанова.

Мұндай ауруларға шалдығудан сақтану үшін қандай шара қолдану керек?

Онколог әлемді өзгерту үшін әркім алдымен өзінен бастау керек деген қағидамен өмір сүру дұрыс екенін айтып, бірқатар кеңес берді.

"Қазір бас басымызда жеке көлік бар, жаяу жүру немесе вело-самокатпен жүру артта қалды. Тал егу, қоқысты сұрыптап, өртемей басқа экотиімді жолдарын табу керек. Зауыт пен фабрикаларды қаладан алысырақ тұрғызып, олардың мұржаларына фильтрлер орнату керек. Бензин секілді жанар-жағармайдың бағасын көтеріп, қолданысын азайтуға тырысу қажет. Осы сияқты мәселелерді көтеру керек щығар деп ойлаймын", - деп өз ойымен бөлісті онколог.

Сонымен қатар, маман мегаполисте үлкен көшенің бойында тұратын адамдар ауруға шалдығу ықтималдылығын азайту үшін істеуі керек кеңестермен бөлісті. 

Бота Қуанова ұсынған алдын алу шаралары:

  • жасыл алаң/парктерге көбірек бару;
  • ауыл-аймаққа жиі бару, яғни қала сыртына шығу;
  • салауатты өмір сүру (дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану, жеткілікті мөлшерде су ішу, күніне -30мл/кг, дене шынықтыру, монша-саунада тер шығару, тұзды ванна қабылдау және тағы басқа);
  • детокс шарасын жылына 2-3 рет жасап тұру. Тазарту керек органдар: бауыр, бүйрек, өкпе, тері және лимфа жүйесінің, асқазан-ішек жолдары;
  • Созылмалы ауруларды емдеу;
  • Ағзаның улы заттарды залалсыздандыру қызметі көбінесе минералдардың қатысуымен жүзеге асады, ол үшін ағзадағы жетіспеушіліктерді анықтап, толықтыру;
  • Жыл сайын кезекті медициналық терсеруден өтіп, денсаулықты күту;
  • Сорбенттер қабылдау.

Үйдің сыртындағы экологияны өзгерте алмасақ та, үйдің ішіндегі экологияны жасылдандыру, тазалау, су және ауа фильтрлерін орнату - дәрігер

Онкологтың мәліметінше, еліміздің онкология статистикасына үңілсек ер адамдар арасында алғашқы орында тұрған өкпе қатерлі ісігі де, әйелдердің онкологиясы бойынша бірінші орында тұрған сүт безінің обыры да күнделікті тыныс алып жүрген ауаның құрамындағы химиялық қоспамен тығыз байланысты екені дәлелденген.

Айта кетейік, бұған дейін вейп шегу жасөспірімдер ағзасына қалай әсер етіп жатқаны хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Сәрсенбі күні қандай адамдар дүниеге келеді?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә