Қазақстанда астық тапшылығы болуы мүмкін бе және қай елдерден ұн тасымалданады? Министрлік жауабы

Қазақстанда астық тапшылығы болуы мүмкін бе және қай елдерден ұн тасымалданады? Министрлік жауабы
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс отырысында депутат Аян Зейнуллин келесі жылы астық тапшылығы байқалуы мүмкін екенін көтерген болатын. Massaget.kz тілшісі жауапты министрлікке ресми сауал жолдап, Қазақстанда астық тапшылығы қандай деңгейде болуы мүмкін екенін сұрады.

Депутат Аян Зейнуллин ауыл шаруашылығы министріне депутаттық сауал жолдаған еді.

"Биыл нансыз қалмасақ та, келесі жылы бидай мен арпа тапшылығына ұшырайтынымыз хақ. Себебі көктемде егілетін тұқым көлемі қажеттіліктің 10/1 бөлігін ғана қамтамасыз етуі мүмкін. Нақты жағдаймен танысу үшін жақында ғана Қазақстанның солтүстік облыстарындағы 16 шаруа қожалығын аралап шықтым. Қамбада тұқым жоқ! Азық-түлік келісім шарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық тауарлық бағытта, тұқым ретінде пайдаланып жатсақ, сапасы төмен болады. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Мемлекет меншігіндегі ғылыми институттар, тәжірибелік станциялар мен шаруашылықтардың аз да болса тұқым өндіретін мүмкіндіктері бар. Алайда олар мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау көрмеген соң қолда бар егіс алқаптарды тұқым өндіру емес, пайдасы көп дақылдар егіп, "жан бағу" мақсатында пайдаланып жүр. Ресми деректерге сәйкес соңғы 5 жылда олардағы тұқым өндірісінің көлемі бірнеше есеге төмендеген (2022 жылыаталған ғылыми ұйымдарда 60 мың тонна тұқым болған, оның тең жартысы элиталық, қалғаны 1-2 репродукция). Сорақысы сол, ғалымдардың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми мекемелерде ұрлық етек алған. Тұқымды алқаптан тікелей сатып жіберу, нақты орақ мәліметін әдейі жасыру немесе төмен етіп көрсету фактілері бар", - деді Зейнуллин.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері Massaget.kz-ке берген жауабында Қазақстанда қандай көлемде астық қоры барын айтты.

"Биыл ауа райы қолайсыздығына қарамастан облыс әкімдіктерінің болжамы бойынша жалпы астық жиыны 16 миллион тонна, соның ішінде бидай жиыны 11,5 миллион тонна болады деп күтіліп отыр. Оған қоса, былтырғы жиыннан бидайдан 3,5 миллион тонна көлемінде өтпелі қалдық қалады деген болжам бар. Демек, отандық ұн тартушыларға шикізат тапшылығы болмайтыны анық", - делінген ведомство жауабында.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ведомство мәліметіне сүйенсек, елімізде жылына қуаты 9,3 миллион тонна болатын ұн тартатын 270 кәсіпорын бар.

"2022 жылы олар ұн өндіру көлемін 10,2 пайызға арттырып, 3319 мың тоннаға жетті. Бұл ретте ұнды нақты ішкі тұтыну жылына 1408,7 мың тонна (айына 117,4 мың тонна) болады. Демек, отандық ұн өндірісінің көлемі елдің ішкі сұранысынан едәуір асып, оны екі еседен аса қанағаттандырады. Биыл өндірісті алсақ, 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында 1,9 миллион тонна ұн өндірілді, бұл былтырғымен салыстырғанда, 3 пайызға артық. Сондықтан биыл да, келесі жылы да ұн тапшылығы болады деген мәселе жоқ", - дейді жауапты орган өкілдері.

Freefik

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері Қазақстан қай елдерден ұн алатынына жауап берді.

"Біз ұн бойынша импортқа тәуелді емеспіз, керісінше ұнды үлкен көлемде экспортқа шығарамыз. Сонда да кейінгі жылдары ресей рублі мен теңге арасындағы курстың ауытқуына байланысты ресейлік ұн біршама арзандау болып, Қазақстанның шекаралас өңірлеріне ресейлік ұн келіп жатқан деректері бар. Бірақ олардың көлемі шамалы, 2022 жылы небары 26 мың тонна келген, 2023 жылғы 6 айда 13,6 мың тонна ғана келген. Бұл Қазақстанда өндірілген және экспортталған көлемдермен салыстырғанда, түк емес", - дейді ведомство өкілі.

Еске салайық, бұған дейін 13 өңірде ұн қымбаттағаны хабарланған еді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова