- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құлдық зынданынан шыққанына...
"Құлдық зынданынан шыққанына 1 ай өтті". Қорада тұрып, мал баққан апалы-сіңілінің ауыр тағдыры
Түркістан облысында апалы-сіңілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасына айтқан болатын. Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желіде олардың құлдықтан босағанына бір ай болғанын жазды. Massaget.kz тілшісі бір айда қыздардың өмірі қалай өзгергеніне шолу жасады.
17 жылда адамтанымастай өзгерген қыздардың тағдыры
Түркістан облысының тұрғындары Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина 11 жыл бір партада отырған сыныптастарының жай-күйіне алаңдап, бағдарламаға жүгінген болатын. Олардың сөзінше, сыныптастарын туған ағасы еңбек құлдығына жеккен. Екі қыздың бірі Назгүл 1991 жылы, екіншісі Құндыз 1996 жылы дүниеге келген. Екеуі де Мұхтар Шаханов атындағы мектепті бітірген. Қыздардың бірінің сыныптасы Гүлсімжан оларды мектеп бітіргелі көрмегенін, бірақ мектеп кезінде мұндай болмағанын айтты.
Қыздардың кейінгі жағдайы/"Көреміз" бағдарламасынан алынған кадр
"Күн өткен сайын сұлуланып барады". Қыздар алғаш рет сұлулық салонына барды
Кейін апалы-сіңлі алғаш рет сұлулық салонына барды. "Көреміз" бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай Instagram-парақшасында қыздардың суретін жариялап, апалы-сіңлі қыздар Алматыда емделетінін айтты.
"Назгүл мен Құндызды таныдыңыздар ма? Аллаға шүкір, қыздар күн өткен сайын сұлуланып барады. Салон түгілі шашын тарауға мұршасы болмаған қыздар қазір қауіпсіз ортада бейғам күн кешіп жатыр. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы жеке клиникада ем-дом шараларын жүргіземіз. Қыздардың ағасы мен жеңгесіне қатысты тергеу ісі басталды", - деп жазды ол.
Видеодан алынған кадр
Қыздардың сыныптастарына күтпеген сый жасалды
Адам танымастай өзгерген Назгүл мен Құндыздың сыныптас құрбыларына қайырымды жандар Меккеге жолдама сыйлады. Бұл туралы блогер Илияс Сариев әлеуметтік желіде жариялады. Ал қос қызды алғаш көрген Пернебек есімді сыныптастарына пәтер берілді.
Видеодан алынған кадр
"Көп тілегі көл". Қыздар үздіксіз емделіп жатыр
Журналист Руслан Өтепбай қыздар үздіксіз емделіп жатқанын жариялады.
"Құндыз бен Назгүлді уайымдап, тілеуін тілеп жатқан оқырмандар саны өте көп. Аз-аздан, үздіксіз ем-дом шаралары қарқынды түрде жүріп жатыр. Мақсатымыз апалы-сіңлінің денсаулығын қалыпқа келтіру. Өткен сұмдықтардан бойлары мен ойларын тасалап, болашағын баянды ету. Қыздардың аяқ алысы жаман емес, мамандардың айтқан сөзін қағып алып, тапсырмаларды дереу орындайды. Бастысы Құндыз бен Назгүлге қазіргі шақтары өте қызық. Оны бал-бұл жанған түрлерінен де байқауға болады. "Көп тілегі көл" демекші қос қарындасымыз үшін дұғада болайықшы…" - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Балаша қуанды". Шымкенттік кәсіпкер қыздарға бір сөмке киім сыйлады
Қорада тұрып, мал баққан Құндыз бен Назгүлге шымкенттік жеке кәсіпкер бір сөмке киім сыйлады.
"Құндыз бен Назгүлге Шымкенттік оқырманым өзінің дүкенінен бір сөмке киім-кешек салып жіберді! Қараңыздаршы, қыздар мәз. Барлық киім жараса кетті. Су жаңа киімді киіп алып, қыздар қыдыруға дайын! Аллаға шүкір, ардақты ағайын! Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қос қыздың өмірі жақсы жаққа қарай өзгеруде. Болашақтары баянды болу үшін әлі де біраз жұмыстар атқарылады. Бастысы қыздардың бойындағы үміт пен сәуле сөнбесін дейміз…" - деп жазды журналист Руслан Өтепбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қыздардың аға-жеңгесіне қылмыстық іс қозғалды
Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында апалы-сіңлі кешенді ем қабылдау үшін медициналық орталықтың жанынан пәтер жалдағандарын, сонымен қатар, олардың тамағын әзірлеп, жуындырып, киімдерін тазалау үшін күтуші бар екенін айтты. Қыздар үш ай бойы емді Алматы қаласында қабылдайды.
Сондай-ақ, Руслан Өтепбай қыздарды құлдықта ұстаған ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Қыздардың ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, оқыс жағдайда қайтыс болған інілерінің өлімі қалай орын алғанын анықтау үшін тілшілер дәлелдер жинап жатыр. Таяуда ашылмаған басқа да жайттарды эфирде тәптіштеп айтамыз", - деді журналист.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Қыздар азат өмір сүріп жатқанына 1 ай"
Қыздар құлдықтан босағанына бір айтты. Журналист Руслан Өтепбайдың сөзінше, бір айда қыздардың аяқ алысы жаман емес.
"Қыздарды тура бір ай бұрын, яғни қыркүйектің 6-сы күні 17 жылдық құлдықтан құтқардық. 17 жыл бойы бұл қыздар қапаста өмір сүрді. Үй тұрмақ, зәулім қаланы да көрмеген. Телевизор тұрмақ, қалта телефонын пайдаланбаған. Сол бір құлдық зынданынан шыққанына бар болғаны 1 ай уақыт өтті. Десе де қыздардың аяқ алысы жаман емес. Бойларын тіктеп, әр басқан қадамын нықтай түсті. Бұрынғыдай айналаға қорқынышпен емес, қуанышпен қарайтын болды. Бастысы, қос қыздың денсаулығы үшін талай маман білек сыбанып жұмыс істеуде! Сіздерден қолдау, бізден әрекет, ал Алладан берекет болары анық! Қыздардың бүгін азат өмір сүріп жатқанына 1 ай толды! Бұл мен үшін де, "Көреміз" үшін де, қуанышты, құтты күн! Назгүл мен Құндыз бақытты болса, біздің миссиямыздың орындалғаны деп білемін!" - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, Түркістан облысында апалы-сіңілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болғаны хабарланған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасына айтқан.
Кейін 17 жылда адам танымастай өзгерген екі қыз туралы жаңа деректер айтылды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бойды қалай өсіруге болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова