"Инсульт алған анамды аяққа тұрғыздым". Мұғалімдікті оқыған жігіт қалай массажист болғанын айтып берді

"Инсульт алған анамды аяққа тұрғыздым". Мұғалімдікті оқыған жігіт қалай массажист болғанын айтып берді
Фото: Автордан

Қызылордалық Руслан Ибраев - университетте алған білімін массажист мамандығына айырбастаған жан. Осы кәсібінің арқасында анасын аяққа тұрғызып, кенжесіне өзі көмектескен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Массаж курсын ұлы үшін Алматыдан оқып келіпті.

"Былтыр төртінші балам дүниеге келді. Қырқынан шыққанша түнімен жылап ұйықтамады. Балалар массажын зерттеп көрсем, гипертонус екен. Денесі шамадан тыс қатып қалған. Оқығаным бойынша массаж жасадым. Алғашқы сеансында-ақ ұлым тынышталып, ұйықтады. Екі айдан кейін екінші сеансты өткіздім. Бала өздігінен отыра алатын болды. Араға екі ай салып, үшінші сеансты жасадым. Еңбектеуге көшті. Он айындағы соңғы сеанста жүре бастады. Еңбегімнің қайтқанына қуандым", - деді кейіпкеріміз.

Балаларда жиі кездесетін гипертонус, гепатонус, дистания, дисплазия, маймақ, майтабан, бас сүйегінің қысымы сияқты аурулар дәрімен емес, дәл осы массаждың көмегімен емделеді. Кейіпкеріміз курстан үйренгенін қазір пациенттеріне қолданып жүр. Соның көбі - белі, аяғы ауыратын, инсульт алған кісілер мен балалар.

"Анам да инсульт алып жатып қалған еді. Алланың демеуімен массаждың арқасында ол кісіні аяққа тұрғыздым", - деді массажист жігіт.

Руслан Ибраевтың айтуынша, төрт топтағы адамдарға массаж ұсынылмайды. Олар - дене қызуы жоғары, қотыр, онкологиялық және туабітті жүрек ауруы бар адамдар.

Руслан Ибраев - массаж тақырыбына арналған қазақ тіліндегі алғашқы кітаптың авторы. Кітапта қамтылған Су Джок немесе нүктелі табан массажын тәжірибе жүзінде пайдаланып келеді.

"Мұның пайдасы көп. Мысалы, адамда өкпе демікпесі (зоб) болса, табанының нүктелеріне массаж жасайды. Сол кезде ауруы басылып, екі айға дейін жақсы тыныстайды", - деді ол.

Кейіпкеріміз негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазіргі кәсібінен қол үзгісі жоқ. Өйткені, табысы тәуір, жұмыс кестесі ыңғайлы.

Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz