Пәтер иесі жалға алушыны тіркеуге міндетті ме?

Пәтер иесі жалға алушыны тіркеуге міндетті ме?
Фото: smi44.ru

Жалға алынған пәтерге тіркеуге тұруға қатысты сұрақ жиі қойылады. Мүлік иесі жалға алушыларды тіркеуге міндетті ме, уақытша тіркеудің не қажеті бар және оның болмауы қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға krisha.kz жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қандай жағдайда үйге уақытша тіркелу керек? 

Қазақстанда уақытша тіркеуді тұрғылықты орны бір айдан ұзақ мерзімге ауысқанда, яғни оқу, іссапар, туысыңызға қонаққа бару немесе пәтерді жалға алу секілді жағдайларда рәсімдеу қажет. Бұл бір қаладан екіншісіне қоныс аударсаңыз да, бір шаһардың басқа ауданына көшсеңіз де, бірдей талап етіледі.

Уақытша тіркелгенде тұрақты тіркелген мекенжайыңыз өзгеріссіз қалады.

Мысалы, азамат Алматыда тұрақты тіркеуде делік, бірақ Нұр-Сұлтанға жұмыс істеуге кетіп, жалға алған пәтеріне уақытша тіркеледі. Ал Алматыда тіркелген мекенжайы сол күйінде қалады. Бұл үй кезегінде тұрған немесе қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысатын тұрғындар үшін маңызды.

Пәтер иесі жалға алушыны тіркеуге міндетті ме? 

Халықты тұрақты немесе уақытша мекенжайы бойынша есепке алу миграциялық, құқық қорғау және салық органдары үшін аса маңызды. Жалға алынған пәтерге тіркелу міндетті. Егер үй иесі мүлкін басқа адамдарға жалға берсе, оларды тіркеуге міндеттеледі.

Уақытша тіркеуден бас тартқан мүлік иесіне алдымен ескерту жасалып, кейін 10 АЕК (30 630 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталаса, мемлекет қазынасына 20 АЕК( 61 260 теңге) құяды. Ал уақытша тіркеуде жоқ жалға алушылар да 7 АЕК (21 441 теңге) төлейді.

Баспана ауданы онда тіркелген адам санына еш әсер етпейді. Пәтерде немесе жер үйде қанша адамды уақытша тіркесеңіз де өз еркіңіз, тұрғын санына шектеу жоқ.

Қалай онлайн тіркеледі 

Тіркелу жылжымайтын мүлік иесінің келісімі бойынша eGov.kz сайты немесе ХҚКО-да жүзеге асады. Қызмет тегін көрсетіледі.

Уақытша тіркеу не үшін қажет 

Уақытша тіркеу жалға алушыға жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығын бермейді, бірақ әлеуметтік қызмет алуға жағдай жасайды. Мысалы, жалға алушы баласын мектепке не балабақшаға беріп, емханаға тіркеле алады.

Айтпақшы, уақытша тіркелген адам тұрақты мекенжайы бойынша коммуналды төлем жасағанда ақша үнемдейді. Бұл адам басына есептелетін қоқыс шығару сияқты қызметтерге қатысты. Ол үшін басқа жерде уақытша тұрғаныңызды растайтын анықтама алып, тиісті мекемеге барасыз, онда қызмет ақысын қайта есептеп береді.

Уақытша тіркеу мерзімі 

Уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге рәсімделеді. Ең қысқасы — 3 ай, ұзағы — 1 жыл. Есептен арнайы шығудың қажеті жоқ, тіркеуден автоматты түрде шығасыз. Уақытша тіркеу бір жылға рәсімделгенмен, жалға алушы пәтер ауыстыруды қаламаса, қайта тіркеледі. Егер керісінше, тіркеу мерзімі өтпестен көшіп кетсе, ол басқа пәтерге тіркелген сәтте-ақ алғашқы пәтердегі тіркеудің күші жойылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан