Телефон қолданғанда мына 6 әдеттен аулақ болыңыз

Телефон қолданғанда мына 6 әдеттен аулақ болыңыз
Фото: pixabay

Қазір қоғамды ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Алайда байланыс құралын қолданғанда өркениетті әлемде жалпыға бірдей ереже бар. Виртуалды байланыс кезіндегі этикаға жатпайтын әрекеттерді Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Таныс емес адамға дауыстық хабарлама жазу

Бұл әсіресе ватсап мессенджерінде жиі қолданылады. Дауыстық хабарлама сіздің қандай да бір эмоцияңызды білдіру, сезімдеріңізді сездіру немесе маңызды оқиғаларды жеткізу сәтінде таныс адамдарға ғана жібергеніңіз абзал. Ал егер жұмыс қажеттігін жазған жағдайда дауыстық хабарлама жіберу мәдениеттілікке жатпайды. Жұмыс беруші аудиожазбаларды тыңдамайды. 

Қоңырау шалмас бұрын мәтіндік хабарлама жіберіңіз

Шұғыл шаруаңыз болмаса адамдарға бас салып қоңырау шалуға болмайды. Сіз ол адамның телефон алуына мүмкіндігі бар ма, жоқ па білмейсіз. Сондықтан адамға қоңырау шалу және одан жауап алу ниетіңіз туралы алдын-ала хабарлаған дұрыс.

Сіз қоңырауға жауап бермеуге құқығыңыз бар

Сізге қоңырау шалғанда секундта телефонды алуға міндетті емессіз. Телефонның дыбысын өшіріп кейінірек қайта қоңырау шалуға толық құқығыңыз бар. Сізге сөйлесуге ыңғайлы және қоңырау шалуға қолайлы уақытты тек сіз шешесіз. Қоңырау өте маңызды болса да әдепсіз көрінбеу үшін жауап ретінде "кейінірек хабарласамын" деген жазба жіберсеңіз болады. 

Бір реттен артық хабарласпаңыз

Шыдамсыздықтан адамдар бір емес бірнеше мәрте қоңырау соғады. Әр минут сайын хабарлама жазып, адамның мазасын алады. Ал бұл ешқандай этикетке жатпайды. 

Видеоқоңырау арқылы сөйлескенде бір орында тұрыңыз

Бейне қоңыраулар - адамдармен сөйлесудің ыңғайлы форматы. Бірақ мұнда да өз ережелері бар. Біріншіден, телефонды экранда мұрын немесе маңдай ғана емес бетіңіз көрінетіндей етіп статикалық күйде ұстаңыз.Екіншіден қоңырау аяқталғанша бір жерден қозғалмаңыз. Себебі бейне қоңырау кезінде телефонмен жүре бастасаңыз, бұл басқа адамға жағымсыз әсер қалдырады.  Сөйлесу кезінде өз ісіңізбен айналысқыңыз келсе дауыстық қоңырауға ауысыңыз.

Қоғамдық орындарда қатты дауысты қолданбаңыз

Қоғамдық орындарда қатты дауысты қолдану надандықтың белгісі. Мұндай кезде құлаққап қолданып немесе телефонды құлағыңызға жақын ұстаған жөн. Бұл жағдай әсіресе автобуста жиі қайталанады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Зинешов