- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұмыс беруші жалақыны...
Жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе қанша мөлшерде өсімпұл төлеуге міндетті?
ҚР Еңбек кодексі жұмыс берушіні жалақыны белгіленген мерзімде, кідіріссіз төлеуге міндеттеген. Төлем айына кем дегенде 1 рет, есептелген айдан кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірілмей түсуі тиіс. Нақты төлем күні еңбек шартында белгіленеді. Қызметкерлер осындай өзінің құқығын білмейтіндіктен, көп мекемеде жалақы жиі кешігеді. Мұндай жағдайда, қызметкер не істеуі керек? "Право знать" Telegram-арнасы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Арна авторының мәліметінше, егер азамат еңбек шарты бойынша жұмыс істеген болса, жалақы кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші өсімпұл төлеуге міндетті. Әрбір мерзімі өткен күн үшін ҚР Ұлттық банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі есептеледі. Оған қоса, жұмыс берушіге 30-дан 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, бұл 103 500 теңгеден 517 500 теңгеге дейін.
Жалақы кешіккен жағдайда, қызметкер аймақтық еңбек инспекциясы басқармасына e-otinish сервисі арқылы өтінішпен жүгінуі керек. Өтініштен басқа жеке куәлік (сонымен қатар оның көшірмесі) және еңбек шартының көшірмесі қажет. Құжаттардың түпнұсқасын ұмытпаңыз, себебі көшірмені анықтау үшін түпнұсқа қажет болады.
Түскен өтініш негізінде инспектор тексеру жүргізу үшін кәсіпорынға барып, құқықбұзушылық анықталса, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу үшін шара қабылдайды.
- Жұмыс берушінің жалақы төлегені туралы ұйғарым шығарады;
- Жұмыс берушіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасайды.
Айта кетейік, жұмыс беруші мемлекеттік еңбек инспекторының бұйрығын орындауға міндетті. Оның ұйғарымы сот шешіміне тең және атқарушылық құжаттың міндетті күші бар. Сондықтан сот орындаушылары ұйғарым алғаннан кейін қарызды мәжбүрлеп өндіріп ала алады. Тіпті кәсіпорынның мүлкі мен банктік шоттарын тәркілеп, шетелге шығуға тыйым салу және тағы басқа да шаралар қабылдай алады.
Еске салайық, бұған дейін қызметкер бір уақытта екі жерде жұмыс істеуі заңға қаншалық сәйкес екені хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сыздауықты қалай емдеу керек?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә