Өгей әкесімен бірге тұратын балалар қандай жағдайда тексеріледі?

Өгей әкесімен бірге тұратын балалар қандай жағдайда тексеріледі?
Фото: Freepik

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда өгей әкесімен бірге тұратын балалар нақты себеп болғанда ғана тексерілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өгей әкенің баланы тәрбиелеуі ешқандай жағдайда заңбұзушылық болып саналмайды. Осыған байланысты бұл жағдай тексеруге себеп бола алмайды. Тексеруге тек кәмелетке толмаған баланың кейбір құқығы мен мүддесін бұзу немесе қылмыстық, әкімшілік заңнаманы бұзу себеп болуы мүмкін. Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатса, біз оны тексермейміз. Тіпті бұл мүлдем дұрыс емес деп санаймын", - деді Игорь Лепеха Сенат кулуарында.

Айта кетейік, бұған дейін өгей әкесімен бірге тұрып жатқан балаларды тексеру туралы мәселе Бас прокуратурадағы ведомствоаралық кеңесте көтерілген болатын.

Еске салайық, бұған дейін полицейлер үшін отбасында зорлыққа ұшыраған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу алгоритмі дайындалатыны хабарланған еді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz