- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Исламдық секта Атырау,...
Исламдық секта Атырау, Ақтөбе, Маңғыстауда етек жайып барады - депутат Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи дін мәселесін көтеріп, қай өңірлерде исламдық секта етек алып бара жатқанын атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы депутат премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
"Біздің елде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге өнер ордаларымен қатар дамуы керек еді. Баршамызға мәлім, Еуропа елдерінде Құран өртеу актісі етек алып бара жатқанына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, таяуда БҰҰ-ның трибунасынан сөз сөйледі. Әлемдік саяси лидерлер арасынан осы Генассмблеяда Құранға араша түскен жалғыз мемлекеттік басшы - біздің Президент болды. Бұл Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың бірден-бір белгісі деп деп білемін", - дейді депутат.
Сондай-ақ, депутат жат ағым өкілдері мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастағанын да мәлімдеді.
"Дегенмен солай бола тұрса да, Қазақстанның премьер-министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сұрау жолдай отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға да құлаққағыс еткім келеді. Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр. Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біз - депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!" - деді Ермұрат Бапи.
Ермұрат Бапи қай өңірлерде исламдық секта етек жайып бара жатқанын да атады.
"Бір өкініштісі, бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе, базар саудасы төңірегін уахабшылар - салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни, теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені. Иә, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді. Бұл - демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол еркін құқық бас бермей кетіп, біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, біз бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ! Ел Конституциясының талабы бойынша мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек! ...Сондықтан ендігі жерде "мемлекет діннен бөлек" немесе "дін мемлекеттен бөлек" деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді", - дейді Ермұрат Бапи.
Ермұрат Бапи осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан құжаттар қабылданса, депутаттар қолдайтынын жеткізді.
"Осы орайда Мәжіліс депутаттарының сізге жолдайтын бірнеше сауалы бар. Біріншіден, сіз және сіздің кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма? Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері ел Президентінің назарына ұсынылды ма? Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын - 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па? Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер Үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды деген сенімім зор", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова