- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ата-анама Дубайға жолдама...
"Ата-анама Дубайға жолдама сыйлап, пәтер алдық". Кондитерлік дүкеннің иесі кәсібінің құпиясын бөлісті
Алматы қаласындағы кондитерлік дүкендердің бірі мүгедектігі бар балалар пен көпбалалы отбасыларға ай сайын тегін торт таратады. Бұл кәсіпті Айзада Қасымхан студент кезінде күйеуімен бірге ашқан. Бұл саладағы қиындықтар мен нәтижелер туралы Massaget.kz тілшісі кәсіпкермен сұхбаттасты.
"Бір айда торт пісіріп үйрендім"
Айзада Қасымхан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін 2020 жылы ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдаған.
"Университетте әскери кафедраны да қатар оқып, лейтенант деген шен алдым. Кәсіп ашуымның өзі қызық болды. Күйеуім Елмұратпен Алматыдағы мектепте бір сыныпта оқыдық. Кездесіп жүрген студенттік шағымызда екеуміз қонаққа бардық. Сол кезде біреу "Молочная девочка" тортын дайындаған. Елмұрат соны сүйсініп жеп, мақтады. Сосын менен "торт пісіре аласың ба?" деп сұрады. "Иә" дедім. Бірақ пісіре алмайтынмын. Содан кейін "жаз шыққан соң торт пісіріп үйренемін" деп шешім қабылдадым", - деді ол.
Сөйтіп, бір ай кондитердің көмекшісі болып жұмыс істеген.
"Толық жұмыс процесін көрдім. Оған дейін еш жерде жалдамалы жұмыс жасап көрмегендіктен, физикалық жұмыс өте ауыр тиді. Сол үшін бір айдан ұзақ уақыт істей алмадым. Жұмыс кестесі қолайсыз болды әрі бір айдағы еңбегіме келісілген сомадан өте аз жалақы төледі. Қателеспесем, 50-60 мың теңге шамасында болды. Негізгі мақсатым осы саланың қыр-сырын үйрену болғандықтан, өзіме қажеттілерін үйренген соң кетіп қалдым", - деді ол.
"Күйеуіме ұсыныс айттым"
Оның айтуынша, студент кезінде Айзаданы бизнес-серіктес болуға біраз адам шақырған.
"Сыныптасым Елмұратпен қыз-жігіт болып кездесіп жүрген кезде мені бизнес-серіктес болуға біраз адам шақырды. Бірақ менде "кәсіпті тек болашақ күйеуіммен ғана бірге істеймін" деген мақсат болды. Сөйтіп, сол кездегі жігітім, қазіргі күйеуіме ұсыныс айттым. Себебі, мен жұмысты қалай жүргізетінін білсем, ол әрі қарай дамытатынына сенімді болдым. Оның саудаға икемі өте жақсы болды. Бұрын дүкендері де болған еді. Сөйтіп, екеуміз үшінші курста жалға алатын жерді тауып, кәсіпті бастап кеттік", - деді Айзада.
Кәсіпкерлер бастапқыда 500 мың теңгемен бастаған.
"Шағын бизнеске гранттар беретін бірнеше жобаға қатысып, ұтқан ақшаға тоңазытқыш, миксер, т.б. керек-жарақты ала бастадым. Сөйтіп, дүкенімді толықтырдым. 2019 жылы 1 тамызда ресми түрде дүкеніміз ашылды. Дүкен ашылғаннан кейін де бірнеше әлеуметтік жобаға қатыстым. Соның біреуінен бірінші орын алып, 500 мың теңге ұтып алдым. Оның өзі үлкен көмек болды. Цехыма қажет техникаларды сатып алдым", - деді ол.
"Алғашқы айдағы кіріс өзін жапты"
Айзаданың айтуынша, алғашқы айдың шығыны өз-өзін толықтай жапқан.
"Жалпы, өніміме өте сенімді болдым. Біздің дүкеннің артықшылығы - табиғи өнімдерден ешқандай қоспасыз пісіруім еді. Сондай-ақ, сатуда бірнеше әдістерім болды. Соның арқасында алғашқы айда айлық шығын, жол қаражаты, азық-түлік төлемдерінің сомасын сол кірістен төледік. Сенесіз бе, мен күткен сомадан да өте көп мөлшерде ақша алдық. Алғашқы айда өте көп адам келді. Бірінші айда өзім жұмыс істедім. Бірақ , екінші айдан бастап көмекші алдық. Себебі қыркүйекте сабағым басталып, қиындау болды. Сол үшін сабақтан қалмауға тырыстым", - деді ол.
Бірақ кәсіпкердің анасы бұл ісіне қарсы болған.
"Анам кәсіп ашуыма қарсы болды. Себебі беделді университетте оқып, әрі әскери кафедраны бітіріп шықтым. Шенімді алған соң анам мені сол бойынша жұмысқа тұрады деп қатты күтті. Бірақ мен ол жолды таңдамадым. Осы кәсіп қатты ұнап, табысы да, жұмыс кестесі де ыңғайлы болды", - деді ол.
"Үш айдан соң табысқа шықтық"
Айзада кәсіп бастайтын кезде ешкіммен ақылдаспаған.
"Біз кәсіп бастаған кезде сол сала туралы ақылдасатын ешкім болмады. Өйткені 2019 жылы кәсіпке қатты маңыздылық берілмеген еді. Тіпті блогер, ментор, коуч дегендер жоқ болатын. Қарапайым "қандай миксер алсам болады?" деп кімнен сұрайтынымды білмейтін едім. Барлығы нөлден басталды. Ақыл айтып, қаржылай көмектескен ешкім болмады. Алғашқы 3 айда дүкеніміз тесттік режимнен сәтті өтті десек болады. Үш айда дүкенді ашуға жұмсаған барлық шығынның орны толды. Сабақтан келіп, түнімен торт пісірген кездердің нәтижесі керемет болды. Үшінші айдан соң табысқа шықтық", - деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, осы тәтті дүкені арқылы материалдық жағдайын жақсартып, ата-анасына сыйлық та берген.
"Ашқанымызға төртінші ай болған кезде сол жылғы соңғы модельдегі iPhone телефонын алдым. Сөйтіп, жігітім екеуміз болашағымыз үшін баспана алатын ойымыз болды. Оңды-солды ақша шашпай, пәтер алуға жинадық. 2021 жылы баспаналы болдық. Таза әрлеусіз алған жаңа екі бөлмелі пәтерімізге бір жылдай керемет жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жөндеу жұмыстары кезінде бізге өте көп ауқымды тапсырыс түсті. Яғни, 800 мыңға тапсырыс жібергенім есімде. Бұл бір адамның бір күндегі тапсырысы еді. Құдайдың ризығы деп ойлаймын. Себебі біз үшін бұл біраз көмек болды. Үйдің ішіне жиһаз, басқа да керегімізді алдық. Содан соң үйленіп, қазір сол шаңырақта тұрып жатырмыз.
Торт пісіріп тапқан табысымызға Алматыдан екі бөлмелі пәтер алдық, шетелге саяхатқа шықтық. 2020 жылы Toyota Camry, жақында биыл Kia Sportage автокөліктерін алдық. Ал ұзату тойымда ата-анама Дубайға жолдама сыйладым. Мұның бәрі еткен еңбектің нәтижесі деп білемін", - деді Айзада.
"Мұндай дүкен Қазақстанда жоқ"
Айзада қазір декреттік демалыста.
"Демалыста болғандықтан дүкенді көмекші қызға табыстап кеттім. Бірақ үнемі қадағалап, барып тұрамын. Осы уақытқа дейін студенттердің біраз бөлігін жұмыспен қамтыдым. Біздің дүкен тұрмысы төмен, көпбалалы, мүгедектігі бар балалардың отбасына тортты тегін береді. Оны алу үшін бізге құжатын көрсету керек. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға тегін мастер-класс өткізіп тұрамыз. Мұндай дүкен Қазақстанда жоқ деп айта аламын", - деді ол.
Алдағы уақытта да кәсіпкер осы салада бірнеше адамды оқытқысы келеді.
"Біз қаладағы Мүгедектер қауымдастығымен, балалар үйімен жұмыс істеп келе жатырмыз. Мереке сайын оларды тәттілермен қөамтамасыз етеміз. Сонымен қатан, бірнеше жастар ұйымдарымен серіктестігіміз бар. Оларға демеушілік жасаймыз. Халық біздің дүкеннен "молочная девочканы" жиі сұрайды. Бұл біздің хит тауар десек болады.
Алматы қаласындағы Жастар саясаты жанындағы балалар бос уақытын өткізетін демалыс орталықтарында демалыс орталығымыз бар. Онда балаларға тегін тәтті жасап үйреттім. Жалақыны мемлекет төлейтін болды. Сондай-ақ, "Салауатты өмір сүру орталығында" ата-әжелерге тегін шеберлік сабағын өткізетінмін. Мұның бәрін қайтадан қолға алу ойымда бар", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін он баланың анасы қамысты табыс көзіне айналдырғаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұшақта неге телефонды өшіріп қою керек?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы