Балаларға қол көтерген педагогтер мәселесі қалай шешіледі? Министрлік жауап берді

Балаларға қол көтерген педагогтер мәселесі қалай шешіледі? Министрлік жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Биыл елімізде балабақша өзекті мәселелердің біріне айналды. Қанша мемлекеттік, ал қанша жекеменшік балабақша бар? Мемлекет балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қалай шешіп жатыр? Балаға қол көтерген педагогтерге қандай жаза қолданылады? Massaget.kz тілшісі бұл мәселе бойынша Мектепке дейінгі білім беру департаментіне сауал жолдады. 

Елімізде қанша балабақша бар?

Ұлттық білім беру дерекқор базасының мәліметіне сәйкес, биыл 22 қыркүйек бойынша елімізде 11 308, оның ішінде 5 591 мемлекеттік,  5 717 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым мектепке дейінгі жастағы балаларға тәрбие мен білім беріп келеді.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру үшін мынадай норматив-құқықтық шаралар қабылданған:

  • Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы қолданылады. Онда зорлық-зомбылықтан және суицидтен зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің құқықтық негізін қалыптастыру және стандартын бекіту жөніндегі жұмыс қамтылған.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы қабылданды.

  • Заң шеңберінде "баланы жәбірлеу (буллинг)" ұғымы енгізілді, баланы жәбірлеуден қорғау құқығы бекітілді, сондай-ақ, білім беру саласындағы уәкілетті органның баланы жәбірлеудің алдын алу қағидаларын және орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыреті бекітілді.
  • Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және  олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Жобада 53 іс-шара қамтылған.
  • Баланы жәбірлеудің алдын алу профилактикасы қағидалары бекітілді. Қағидалардың негізгі мақсаты білім беру процесіне қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеу бойынша жағдайлар жасау.
  • Сонымен қатар, балаларға көмек пен қолдаудың кеңейтілген желісін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ведомство мәліметінше, 8 өңірде мектептерде психологиялық қызметті үйлестіретін орталықтар құрылған. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі 235 комиссия жұмыс істеп жатыр. 

Балаларға арналған Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгіну жүйесі құрылды. 2022 жылы барлық білім беру ұйымында Қазақстан оқушылары мен олардың ата-аналарына тегін консультациялық көмек көрсету бойынша Bala Qorgau жобасы аясында QR-коды бар тақтайша - balaqorgau веб-сайты орналастырылды. Сайт мектепте, үйде және көшеде қиындықтарға тап болған мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына көмектесуге арналған.

Балаға қол көтерген педагогтерге қандай жаза қолданылады?

Педагогтің міндеті, оның педагогикалық әдепті сақтауы білім саласындағы заңнамада белгіленген. "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңында педагогтік әдептілік заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізінделетіні белгіленген. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңында (45-бабы) оқыту-тәрбиелеу процесі барысында тәрбиеленушінің өмірі мен денсаулығына жауапкершілік білім беру ұйымының басшысына жүктелген.

"Министрліктің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес баланың өмірі мен денсаулығын сақтау - тәрбиешінің тікелей лауазымдық міндеті", - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін елімізде қанша бала балабақшамен қамтылғаны, тәрбиешілердің жалақысы туралы хабарланған еді. 

Департамент мәліметінше, қазір 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 88,8 пайыз. Оның ішінде мемлекеттік балабақшамен 489 640 бала қамтылған. Ал жалпы Қазақстан бойынша 2-6 жастағы 144 355 бала балабақша кезегінде тұр.

Департамент өкілдері балабақша тәрбиешілерінің орташа жалақысын атады. 

"Білім беру ұйымдардың педагогтерінің, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақы мөлшері олардың білім деңгейіне (жоғары, орта), біліктілік санатына ("педагог-шебер", "педагог-зерттеуші", "педагог-сарапшы", "педагог-модератор"), жұмыс өтіліне, орындалатын жұмысының көлеміне (тарификация бойынша нақты жүктемесіне) байланысты, сондай-ақ, өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді ескере отырып есептелінеді. Мысалы, 2023 жылға бір ставкадағы тәрбиешінің орташа айлық жалақысы - қалада 213 497 теңге, ал ауылдық жерлерде 250 306 теңге", - делінген жауапта. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек