- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодарда колледж оқытушысы...
Павлодарда колледж оқытушысы студентті "тәрбиелеу мақсатында" оның жамбасынан ұрған
Павлодардағы колледж оқытушысы студентті "тәрбиелеу мақсатында" жамбасынан ұрған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде ер адамның кәмелетке толмаған жасөспірімді ұрып жатқан видеосы тарады. Кадрлардан оқиғаның аудиторияда болғанын көруге болады. Ер адам таяқ тәрізді затпен студенттің құйрығынан бірнеше рет ұрған.
Павлодар облысының білім басқармасы мұны растап, оның Павлодар монтаждық колледжінде болғанын нақтылады.
"Әлеуметтік желіде тараған видео негізінде баланы ұрып-соққан оқытушы жауапкершілікке тартылып, өрескел қателік жібергені үшін жазаланды. Атап айтқанда, ұстаздың әрекеті Педагогикалық әдеп кеңесінің отырысында қаралды. Мұғалім кінәлі деп танылып, қазір жұмыстан босатылды", - деп хабарлады Павлодар облысының білім басқармасы.
Олар колледж басшылығы соққыға жығылған жасөспірім мен оның ата-анасынан кешірім сұрағанын да мәлімдеді.
"Екі тарап келісімге келді. Сонымен қатар Павлодар монтаждық колледжінің әкімшілігі ұстаз тарапынан жіберілген өрескел қате үшін қала, облыс тұрғындарынан, колледж студенттерінен, жалпы жұртшылықтан кешірім сұрайды", - деп хабарлады департамент.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан