- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев ШҚО-да литий...
Тоқаев ШҚО-да литий өндіретін комбинат салғалы жатқан шетелдік компанияның басшысымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік инвесторларды қолдайтынын және жобаларды табысты іске асыру үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент әлемнің дамыған елдерінің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар аударып, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
Мемлекет басшысы тау-кен өндіру өнеркәсібіне қолайлы реттеу экожүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай инвестициялық жобалардың ел экономикасы мен оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін маңызды екенін атап өтті.
HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан