- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 19 жастағы студент...
19 жастағы студент азаматтық некедегі оқытушысының ұлын ұрып өлтірген: баланың әкесі сұхбат берді
Алматыда анасының көңілдесінің қолынан қаза болды деген төрт жасар Хантөренің әкесі оқиғаның мән-жайын айтып берді. Жалғыз ұлынан айырылған жігіт бұрынғы әйелін кінәлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ол азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпай, бауыр еті баласына қамқорлық көрсете алмады деп айыптап отыр. Бүлдіршін өгей адамнан үнемі таяқ жейтінін айтқан соң Ақылбек полицияға да арыз жазыпты. Алайда тәртіп сақшылары бұл істі назардан тыс қалдырып, шара қолданбаған.
26 жастағы Ақылбек әйелімен былтыр ажырасқан. Сол уақыттан бері анасы кішкентай Хантөрені әкесіне жолатпауға тырысып, бар-жоғы төрт-ақ рет кездестіріпті. Соңғы жүздесуде бүлдіршін "Үйге бармаймын" деп жылап, бөтен еркектің қол көтеретінін айтыпты. Мұны ести сала ол бірден полицияға жүгініп, бұрынғы жұбайына да ескерткен.
"Балам маған "ұрады" деп айтты. Содан мен Әуезов ауданына барып, өз арызымды бердім. Сол кезде шешесі келді, "Балаға қарашы, бала үйтіп жатыр ғой, бала алдамайды" десем, "Төрт жасар бала не демейді", "Сен ойыңнан шығарып отырсың", "Мені қызғанып отырсың" деді. "Сенің басың істей ме, қай жақтағы қызғанған, ажырасып кеттік қой, мен баланы ойлап отырмын" дедім", - дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.
Алайда оны 25 жастағы келіншек елемей, азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпапты. Ал учаскелік полицейлер сан түрлі сылтау айтып, ешқандай шара қолданбаған көрінеді.
Енді баланың әкесі ұлының қазасына ажырасқан әйелін кінәлайды. Оның айтуынша, баласына қамқорлық көрсете алмаған ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.
"Туған шешесі қылмысқа кінәлі. Оны 100 пайыз айта аламын. Ол, біріншіден, бала "Сырғанақтан құлады" деп жалған ақпарат берген. Екінші, баланың жағдайы нашарлаған соң туған әкесіне мойындады. Өзінің қара басын ойламай, баласын ойлау керек еді ғой. Оны тергесе, бәрін айтады. Оны қазір бостандыққа жіберіп қойған. Өз баласын өлтірген шеше ешкімді аямайды. Сондай топас әйелдер көп. Соларға сабақ болсын деп ойлаймын", - дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.
Самал есімді келіншек баланы ұрып өлтірді деген жас жігітпен Энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысқан. Күдікті осы оқу орнын биыл бітіріпті. Оқу ордасының басшылығы "Екі жыл педагог болып жұмыс істеген әйел мен студент арасында болған жақын қарым-қатынасты байқамадық, колледжден тыс әріптестеріміздің жеке өміріне араласуға құқығымыз жоқ" деп жауап берді.
"Тоқтасынова Самал бізде екі жыл жұмыс істеді, жас маман болып. Энергетикалық пәндерден сабақ берді. Дәулетов Дархан біздің түлегіміз. Ол 2023 жылы бітірді. Төрт жыл оқып бітірді. Жаман бала деп айта алмаймын. Екі адамның қарым-қатынасына біздің қатысымыз жоқ. Бастысы, колледждің ішінде емес. Біздің колледжде ондай жағдай болып жатқан жоқ. Ары қарай адамның жеке өмірі, немен айналысады, оны біз білмейміз", - дейді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі директорының орынбасары Тұрарбек Шәріпов.
Еске салайық, төрт жасар Хантөре алдыңғы аптада анасымен бірге тұрған 19 жастағы жігіттен оңбай таяқ жеп, ауыр жарақат алған. Бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен бүлдіршін жансақтауда қайтыс болған. Қаршадай баланы соққыға жыққан күдікті қазір қамауда. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал өз ісіне немқұрай қараған учаскелік полицейлерге қатысты дерек қазір тексеріліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстың жай-жапсары белгілі болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан