Павлодар облысында күйеуі әйелінің басын көсеумен жара жаздады

Павлодар облысында күйеуі әйелінің басын көсеумен жара жаздады
Фото: Tengrinews.kz

Павлодар облысында күйеуі әйелінің басын көсеумен жара жаздады, сотта зардап шеккен әйел айыпталушыға ешқандай шағымы болған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық іс Екібастұз сотында қаралды. Іс материалдары бойынша биыл мамырдың басында Марғұлан ауылында ерлі-зайыптылар сөзге келісіп, арты жанжалға ұласты. Әйел оған балағат сөздерді айта бастаған кезде күйеуі ашуланып, пештің жанында жатқан көсеуді алып жұбайының маңдайына соққы жасаған. Жәбірленуші алған жарақаттардан құлағаннан соң  ұрып-соққылар жалғасты. Медициналық сараптамаларға сәйкес, әйел адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілген. 

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындады, ал жәбірленушіде материалдық және моральдық сипаттағы шағымдары болған жоқ. 

"Ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты Қылмыстық кодексінің 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын", - делінген сот үкімінде.

Айта кетейік, сот-наркологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша 59 жастағы ер адамның алкоголді ішуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстарымен ауыратыны белгілі болды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 91-бабы 1-бөлігінің 4-тармағының және 98-бабы 2-бөлігінің негізінде оған бас бостандығынан айыруды өтеу орны бойынша психоактивті заттарды қолдануға байланысты психикалық, мінез-құлық бұзылыстарынан мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан