- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ажырасқаннан кейін қалыңмалды...
Ажырасқаннан кейін қалыңмалды қайтарып алуға бола ма?
"Үйлену оңай, үй болу қиын" демекші, соңғы кезде Қазақстанда жаңа отау құрған жас-жұбайлардың ажырасуы көп тіркеліп жатыр. Отбасын құрар алдында, қазақтың барлық салт-дәстүріне сай жоралғыларды жасап, заңды және діни неке қиғанына қарамастан, екі жастың үй болып кетуі қиын. Ерлі-зайыптылар бірге тұра алмай, ажырасқан жағдайда қазақтың дәстүрі бойынша берілген қалыңмал қайда қалады? Қайтарыла ма? Бұл туралы қазақстандық заңгер Кишкенебаева Эльнура Tiktok-парақшасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңгердің айтуынша, екі жас арасында жасалынған махр, қалыңмал секілді сыйлықтар бөліске түспейтін мүлік. Сондықтан қалыңмал тек сыйлық болып саналады. Дегенмен қалыңмалды сот арқылы қайтаруға болады, алайда ол өте қиын.
"Кез келген тауарды азаматқа қайтару үшін оның құжаты болуы керек. Ал ақша берілсе, қолхат болуы шарт. Қалыңмал ауызша айтылады, сондықтан заңды тұрғыдан құжатпен дәлелденбесе, қалыңмалды қайтару қиын", - дейді заңгер.
"Сақтықта қорлық жоқ" дегенді қалыңмал мәселесінде де ұстанатындар үшін бір жол бар екен. Ол - қалыңмалды берерде неке келісімін рәсімдеу.
"Қағаз жүзінде неке келісімін жасаған болсаңыз, онда қалыңмалды сот арқылы өндіріп алуға болады", - деп нақтылады Кишкенебаева Эльнура.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә