Ғани Бейсембаев жыныстық сауаттылық пәнін мектеп бағдарламасына енгізу туралы пікір білдірді

Ғани Бейсембаев жыныстық  сауаттылық пәнін мектеп бағдарламасына енгізу туралы пікір білдірді
Фото: Видеоскрин

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Обожаю YouTube-арнасына берген сұхбатында жыныстық сауаттылық туралы пәнді мектеп бағдарламасына енгізуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, балаға тәрбие беру ісіне ата-аналар да араласуы керек.

"Қазақи дәстүрдегі ерекшеліктерді ескерсек, балаларға алдымен білім мен тәрбие беру керек. Биыл мектепке арналған біртұтас тәрбие беру бағдарламасында түрлі мәселелерді қарастырдық. Бірақ, меніңше тәрбие дұрыс болуы үшін бұған ата-аналар да араласу керек. Бұған дейін де ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығы ашылатынын айтқан едім. Осы ретте біздің педагогтар ата-аналарға көмек көрсетуге әзір. Сол кезде тәрбиеге байланысты көп мәселелер шешілуі мүмкін", – деді ол.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мектепте жыныстық сауат туралы жеке пән енгізілмейді.

"Ерте жүктілік мәселесін шешуде сіз айтқан шаралар көмектеспеуі мүмкін. Тағы да қайталап айтайын, діліміздің, дәстүріміздің ерекшеліктерін ескеру керек. Сондықтан, бұл мәселені партада отырып емес, ата-аналармен бірге отырып шешу керек", – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін министрдің спортшылардың Азиадаға дайындық барысымен танысқаны туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Батыс Түрік қағанатының әлсіреу себептері қандай?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы