"Амал жоғынан баласын орыс мектептеріне беруге мәжбүр". Ақмола облысында он мектеп жабылып қалған

"Амал жоғынан баласын орыс мектептеріне беруге мәжбүр". Ақмола облысында он мектеп жабылып қалған
Фото: Фото: ru.hrodna.life

Көкшетауда мектептерде бала санының көптігінен ғимараттар таршылық болып, үзіліс кезінде №1 қалалық орта мектебінің дәлізінде оқушылардың қысылып қалғаны тұтас елді дүрліктірсе, облыстың шалғай ауылдарында керісінше мектептер жабылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірде бала санының аз болуына байланысты шалғай ауылдарда 7 бастауыш және 3 бірдей негізгі мектеп жабылып тынған. Мұнымен қоса 10 шағын жинақты мектеп, оның ішінде 2 орта мектеп негізгі мектепке, ал жетеуі бастауыш мектепке айналған. Бұл ауыл адамдарының қалаға көшіп кетуі себебінен болған. Ауыл тұрғындары әсіресе қазақ мектептерінің қысқарып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Өйткені өңірдегі ауылды аймақтардағы 537 мектептің тек 67 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім беретін болып шықты.

"Балалардың көпшілігі әсіресе қаракөз қазақ балаларының орыс тілінде оқып жатқанына алаңдаймыз. Қазақ мектептері аз болғандықтан жұрт амалдың жоқтығынан баласын орыс мектептеріне беруге мәжбүр. Сонымен қатар ауылдарда бала саны аз болғандықтан сынып комплектілері толмай екі сынып бірге оқытылады. Бұл баланың білім алуына да кедергі келтіреді ғой", - дейді Айдар Қалымбетов есімді Зеренді ауданы тұрғыны.

Облыстағы білім ошақтарының жабылуының салдарынан өңірде он мыңға жуық балалар өз ауылдарында мектеп болмағандықтан көрші ауылдарға қатынап оқитын болып шықты. Облыстық білім басқармасының мәліметінше олардың бәрі күнделікті тасымалдаумен қамтылған.

"Осы жылдың бірінші қыркүйегіндегі мәлімет бойынша облыста 9797 оқушыға тасымалдау ұйымдастырылған. Мектебі жоқ ауылдарда интернатта білім алатын 179 бала апта сайын, сонымен қатар мектебі жоқ ауылдарда тұратын 4940 бала мен елдімекен ішіндегі 4682 оқушы күнделікті тасымалдаумен қамтамасыз етілген", - дейді Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметінен.

Жалпы өңірдегі қазақ сыныптарына бірінші сыныпқа барған балалардың саны аса мәз емес. Қазақ мектептеріне жалпы саны 7341 бала барса, 7051 бала орыс мектебіне барған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы