"Жетінші арна" - жаңа маусымға жаңа қадаммен!

"Жетінші арна" - жаңа маусымға жаңа қадаммен!

"Жетінші арна" жаңа телемаусымда әйелдерге арналған бағдарламаларға басымдық бермек. Яғни мақсатты аудиториямыздың негізі - құлпыра да білетін, үнемі өз-өзін дамытумен жүретін, еңбектеніп, мансабын да қатар өрбітетін нәзік жандарға бағытталады. Өйткені олар 18-35 жас аралығындағы мейірімді ана, құлпырған қыз, қамқор әпке, қайратты әйел де бола алған кісілер.

Біздің көрерменіміз - бұл қазіргі қазақстандық әйелдің ұжымдық бейнесі. Ол - жұмыс істейді, білім алады, ақпараттық алаңнан хабардар болып, жаңа, тың дүниелерге қызығушылық танытып жүреді. Ол ұқыпты және қамқор ана, қыз, әйел, әпке, әріптес, дос. Әзілді бағалайды, әзілдей біледі, бірақ кейде жабырқап та, жанашыр да болуы мүмкін. Сол үшін отбасымен, жақын достарымен бірге отырып көре алатындай эфирді түрлі контентке толтырамыз. Демалуға қажет ой салар бағдарламалар да, әзілге толы жобалар да бар. "Жетінші арна" - отандық және шетелдік сериалдарды талғаммен таңдай алатын арна.

Оның үстіне телекөрермендеріміз бос уақытын жақындарымен өткізгенін қалаймыз, сондықтан контент - тек әйелдерге арналған деуге келмес. Маусымның басты жаңалығы - "Қыздар-ай" күндізгі ток-шоуында жаңа жүргізушілер дуэті болмақ. Аша Матаймен бірге жаңа жүргізуші - актриса әрі блогер Әсел Асқар болады. Бағдарламаның екінші маусымында өткір, қызық тақырыптар қозғалып, қонақтар мен кейіпкерлер барынша ашық болады. Бағдарлама қатысушылары - танымал адамдар да, түрлі саладағы сарапшылар да, қарапайым азаматтар да болады. Көбіне қызу талқыланған, танымал кейстер, тек шынайы оқиғалардан құрылмақ.

"Әйелдер әлемі сан қырлы. Күн сайын отбасы, балалар, қоғамдық-саяси, қаржылық және экономикалық аспектілерге қатысты маңызды мәселелердің түйінін тарқатамыз. Демек ол әйелдердің қолынан келеді, бірақ жанымызда сенімді ер адам болғаны да маңызды. "Қыздар-ай" ток-шоуы әйелдер психологиясы жайлы, бұл алаңда әйелдерді алаңдатар тақырыптарды қозғаймыз", - дейді "Жетінші арнаның" бас директоры Ания Байоразова.

Тағы бір жаңалық - "Гүл-гүл шоу" әзіл бағдарламасы. Бұл жобаны әр түрлі кейіпкерлері бар алты актриса жүргізеді. Осылайша әйелдер тақырыптары мен өзекті өмірлік мәселелерді талқылайтын заман талабына сай эстрадалық шоу. Әр бағдарламада бірнеше әзіл эстрадалық миниатюра болады, онда қыздар күліп, әзілдеп, ән айтып, би билейді. "Гүл-гүл шоу" - бұл әйел болмысының барлық жақтарын жеңіл, ирониялық түрде көрсетуге арналған ерлердің әзіл әлеміне жауап деуге де болады.

Сонымен қатар, жаңа маусымда "Күнтізбе" форматын қостық, бұл - біздің еліміздің және әлемнің күнтізбесіндегі айтулы күндерге күнделікті, жеңіл және серпінді шолу және "ЖұлдызLife" - Қазақстанның шоу-бизнес әлемінен және бүкіл планетадан апта сайынғы жаңалықтарға шолу. Мұнда біз арнаның жаңа жас тұлғаларын ашамыз - "Күнтізбе" жүргізушісі Назерке Бурхан және "Жұлдыз Life" жүргізушісі Бақтияр Арынғазин.

Одан бөлек, "Жетінші арнаның" көрермендері елдің сүйікті бағдарламасына айналған Анна Данченконың "Қызықты Weekend" және "Жұлдызды шанырақта" бағдарламасын тамашалай алады. Қазақ тілін жетік меңгерген тәжірибелі тележүргізуші бағдарлама кейіпкерлерін баурап алып, оларды жаңа қырынан танытып жүр.

Телекөрермендер танымал адамдардың жеке өмірін көріп, таныса алады. Экскурсия кезінде бағдарлама кейіпкерлері қарапайым өмірін көрсетіп, отбасы мүшелерімен таныстырып, соңғы жаңалықтарын бөлісіп, бос уақытын қалай өткізетіні, табысы жайлы айтып, жүргізушінің тосын сұрақтарына жауап береді.

Бұл жолғы телемаусымда телеарна күлкілі видеолар туралы "Айнаonline" ТВ-жобасын қайтадан қолға алмақ. Қазнеттегі қызық видеоларды алғаш 2012 жылы Жасын Қанбаев "Жетінші арнаның" эфирінде көрсеткен болатын. Жасын ерекше стилімен телекөрермендерді баурап алып, танымал болған еді.

Жеңіл форматта өтетін бағдарлама кез келген жастағы көрерменнің көңілін көтереді. Әр шығарылымда еліміздегі және әлемдік интернет кеңістіктегі видеоматериалдарға ерекше шолу жасалады.

Биыл күзде бірнеше отандық сериалдарды және шетелдегі қазақтардың өмірі туралы бағдарламаларды көрерменге ұсынамыз.

Драмаға толы "Хақ" сериалы кәсіпте жолы болмаған, қаладан ауылға көшкен Аманжол туралы болмақ. Ол Бесбұлақ ауылына көшіп, кәсіппен айналыса бастайды. Аз ғана уақыттың ішінде Аманжол ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтып, ауыл тағдырын өз қолына алуы керегін түсінеді. Алайда кедергілер де болып, Аманжолға жергілікті әкім мен олигархтар қарсы шығады.

"Ағайынды" мелодрамалық сериалы ата-анасынан айырылған ағайынды жігіттердің тағдыры туралы болмақ. Інісі ақыл-ой ауытқуы бар ағасына қамқорлық жасайды. Бірақ інісінің жұмыс тәжірибесі де, қаржылық мүмкіндігі де жоқ, өз күнін әрең көріп жүрген жігіт болады. Ағайындылардың жақын туыстары да жоқ, алыс ағайындары тек көңіл айтып қана кетеді. Ол бұлай қанша уақыт өмір сүре алады? Өзі таңдамаған тағдырдың ізімен жүруге мәжбүр бола ма? Қиын жағдайдан шығудың жолы бар ма?

Бұл бағдарлама және сериалдың бәрін біздің YouTube-арнамыздан да тамашалауға болады. Жаңа телемаусымды "Жетінші арнамен" қарсы алыңыз!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина