- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Анаң жол апатына...
"Анаң жол апатына ұшырады". Алаяқтар 10 жастағы қызды оңдырмай алдап, қыруар ақша алып кеткен
Ақтөбеде 10 жастағы қыз алаяқтардың құрбаны болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, белгісіз әйел үй телефонына қоңырау шалып, 10 жастағы қызға анасы жол апатына ұшырағанын, жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, анасын жауапкершіліктен құтқару үшін көп ақша қажет екенін айтқан. Өзін тергеуші ретінде таныстырған әйел тіпті телефонды қыздың анасына бергендей кейіп танытқан. "Анасы" жылаған дауыспен баладан үйдегі барлық жинақ ақшаны беріп жіберуді өтінген. Одан кейін алаяқ 10 жастағы қызға 700 мың теңге көлеміндегі ақша салынған пакетті өзінің сыбайласына қалай беру керек екенін түсіндірген. Анасының қиындыққа тап болғанына сеніп, шошып қалған бала ақшаны олар айтқан нұсқау бойынша беріп жіберген. Анасы үйге келгеннен кейін ғана баланың алаяқтарға алданғаны белгілі болған.
Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы күдіктіні ұстады. Ол кінәсін мойындап, әлеуметтік желі арқылы белгісіз адаммен кездескенін айтты. Ол оған жұмыс ұсынған. Есесіне жәбірленушіден ақша алып, барлық соманы көрсетілген "жұмыс берушінің" шотына аударуы керек болған.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу басталды.
Еске салайық, бұған дейін Оралда 18 жастағы жалдамалы алаяқ ұсталғаны хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Көздің асты неге іседі?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова