"Шамданып жатқандардың тең жартысы - сектанттар". Қоғам Ринат Зайытовтың даулы мәлімдемесіне не деп жатыр?

"Шамданып жатқандардың тең жартысы - сектанттар". Қоғам Ринат Зайытовтың даулы мәлімдемесіне не деп жатыр?
Фото: Әлеуметтік желіден алынған кадр

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында "Қазақстанда алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған қауым - намаз оқитындар" деген болатын. Бұл мәлімдеме қоғамда дау туғызып жатыр. Бір топ Ринат Зайытовты қолдаса, енді бір топ қарсы пікір айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Контекстен жұлып алынған"

Желі қолданушыларының бірі бұл мәлімдеме сұхбаттан үзіп алынғанын, сондықтан түрленіп кеткенін жеткізген.

"Ринат Заитов замандасымыздың даулы мәлімдемесі осы жердегі сұхбатта тұр. Түрліше түрлентіп, контекстен жұлып алынған десек те болады. Лениннің басын ұстайын, қызыл ұстайын бұл сақалтайлар күш алып келе жатыр. Алдыңғы аптада жұмысымның алдынан күтіп алған біреуі. Қалай келді, солай кетті ақырында. Кей әріптестер байқапты біздің "бейбіт" тұрысымызды. Ал шынайы сипаттағы мұсылман бұған ренжімес. Себебі бойындағы көркем мінезі, сабыры мұндай дүниеге назар аудартпайды. Шүкір, айналамда ондай таныстар да көп. Негізі, сауатсыздау, ұр да жық жігіттер намазға жығылса ортасында оны тәрбиелеп отыратын адамдар болғаны дұрыс. Ал 5-6 ұр да жық өзара араласса қауіпті. Намаз оқысын, оқымасын қауіпті. 20 мың террористің сұрауын сұрауға батпағандар Ринаттың жағасына жармасып, "80 пайыз алаяқтың тізімін бер", деп жатыр. Бұл да екіжүзділік. Сұрау сұрап отырғандардың қаншасы намаз оқитынын есептемедім", - деп жазды Айсұлтан Жақыпов есімді желі қолданушысы.

"Шамданып жатқандардың тең жартысы - сектанттар"

Тағы бір желі қолданушысы Ринат Зайытов шындықты айтқанын жазған.

"Ринат Заитов ақиқатын айтыпты. Шабына шоқ түскендей шамданып жатқандардың тең жартысы сектанттар екен. Қаржылық пирамидалар мен лотореяларды өткізіп жүрген кімдер? Өзінің үш баласын бауыздаған кім? Меккеге қажылыққа апарып, лақтырып кеткен кімдер? Қазақтың қыздарына талақ айтып, нәскише ауыстырып жүрген кімдер? Түркиядан, Қытайдан тауар әкеп берем деп ақшаңды алып, лақтырып жүрген кімдер? Мұндай мысалдар санай берсең мыңдап саналады. Алданған адамдардың айтатыны намазхан болғасын сендім дейді. Осындай дінді жамылған алаяқтардың кесірінен Ислам дініне жаман ат келіп жатыр. Ендеше, Ринатқа емес, діннің атын жамылған алаяқтарға айтыңдар айтарларыңды! Ринат алаяқтардың 80% намаз оқиды деді", - дейді Оңғар Қабден.

"Осыдан Ринат Заитовтың басындағы бір тал шашы түссе бар ғой, біздің қоғамның өзі (оның ішінде мен де) әлгі қылмыскер дінкеш бұзықтар мен бұзақы топтардан да өтіп кеткен "террористерге" айналамыз! Иттің иесі болса, Бөрінің Тәңірі бар!" - деп жазды Michael Sherimbek есім желі қолданушысы.

"Депутат адамға айтатын сөз емес"

Желі қолданушыларының бірі мұндай мәлімдеме дептутатқа тән емес екенін жазған.

"Намазханның 80 пайызы алаяқ демеді. Алаяқтың 80 пайызы намаз оқиды деді. Оны ат та түсінді. Қайта қайта жаза бермеңдерші. Мәселе сол 80 пайыз деген санда. Мүмкін 95% әлде 60% шығар. Цифрды қайдан алды? Әрбір алаяқтың қасында отырып намаз оқыды ма бірге? Бұл білдей депутат. Депутат адамға айтатын сөз емес. Біз неге кедейміз? Себебі жемқорлық пен ұрлық. Қазба байлықтың көбісі ұрлықпен шетел асады. Салықты аз төлейді. Оффшормен кетеді ақшалар. Соны неге айтпайды? Біз қазір тіл, дін, көттің айналасынан шыға алмай қалдық. Депутатымыз да, басқамыз да осыны мыжа береді. Қаржылық пирамида неге азаймайды? Заң әлсіз. Біз өзімізге қажетті нәрсені талап ете алмай келе жатырмыз. Биліктегі депутатттардың өзі Жаңа Қазақстан, Ескі Қазақстан деп қуады. Ондай нәрсе жоқ. Бәрін Назик шешеді. Бұны бала да біледі. Жоқ бұлар әлі сол хайп пен популизмнің айналасынан шыға алмайды. Адамдардың діни ұстанымы басқасында шаруам жоқ. Біреу атеист, біреу агностик. Бірінші нәрсе әр адамның әл ахуалы. Соны реттеу керек. Табысы тек тамақ пен кредитке кететін жанұялар 80-90% шығар. Мүмкін бұдан көп. Депутат осындай проблемаларды көтере алмайды. Негізі осыны айту керекпіз. Бірінші кезекте әр адам лайықты өмір сүру керек", - дейді Сабит Рысбаев.

"Ринат та бір, "80 пайыздай ма, соған шамалас-ау деймін, әлде қателесуім мүмкін" деп шенеуніктер сияқты, кез-келген уақытта тайқып кететін тілмен айта салса болады ғой. Отырмыз енді жақ-жақ боп, айтысып", - дейді Риза Тұрдақынқызы.

"Өзінің кім екенін білмейтін дүбәра"

Тағы бір желі қолданушысы оны биліктің адамы ретінде сынаған.

"Көкек өз атын өзі шақырады. Өзінің кім екенін білмейтін дүбәра біреу ғой. Шатып-бұтып тақпақ айтып шығарған атын бұлдап, бүлікке шақырып елді алдап, артынан бұтына сиіп қойғандай сүмірейіп тұрып кешірім сұрап жүр еді. Мемлекеттік идеологияны езгілеп бітірген біреулер артынан оны ел ішіндегі протестік көңіл-күйді басып, жұртты сабаға түсіріп қою үшін Аманаттың атынан "оппозициялық көзқарастағы азамат" ретінде парламентке отырғызды. Былайша айтқанда, пешка ғой. Сол пешка дұрыс тышпай қожайындарын ұятқа қалдырды. Оның ауызынан төгілген нәжіс жеті атасынан бері мұсылманбыз деп жүрген қазақты жиіркендіріп, лоқсытып, құсқысын келтіруде. Қожайындары кім болса да халықтан үлкен емес. Ананы көттен бір теуіп өз боғын өзіне тазалатады. Қожайын тым мейірімді болса, құл басына шығады. Сондықтан қолдарынан жем жеп, су шіп жүрген өзге де бұлбұлдар, "жалаңтөс ұлтшылдар", дінсіз һәм құнсыздарға сабақ болып, келесі біреуі орынсыз жерге тышып қоймауы үшін ананы аямайды. Тышқан жерін тілімен тазалатады. Не дейміз, күтеміз", - дейді Ардабек Солдатбай.

"Екі сөздің арасы жер мен көктей ғой"

Депутат Қазыбек Иса Ринат Зайытовты қолдап, оның сөзінің түпкі мәнісі басқа екенін айтқан.

"Ринаттың: "Алаяқтардың 80 пайызы намаз оқиды" дегені - "Намаз оқитындардың 80 пайызы алаяқ" деген сөз емес қой?! Есеп білетіндер үшін екі сөздің мағынасы мен арасы жер мен көктей ғой!" - дейді Қазыбек Иса.

Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайытов өзін қорқытқандарға жауап бергені хабарланған еді. Сонымен қатар, Балғынбек Имаш Ринат Зайытовқа ренішін өлеңмен жеткізді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Блогерлер қанша ақша табады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова