KazSat-3 спутнигінің жұмысындағы ақау. Қазақстанда телеарналар қызметінде мәселе пайда болды

KazSat-3 спутнигінің жұмысындағы ақау. Қазақстанда телеарналар қызметінде мәселе пайда болды
Фото: pixabay

Қазақстанда қазіргі уақытта спутниктік телерадио хабарларын тарату және спутниктік деректерді беру қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін, 15.09.23, Ай мен Жердің көлеңкелі аймақтарының ұзақ өтуі кезеңінде KazSat-3 байланыс ғарыш аппаратының аккумуляторлық блоктары зарядсызданды, соның нәтижесінде спутниктік телевидение және радиохабар тарату және спутниктік деректерді беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта ұлттық оператор "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ ғарыш аппаратын жасаушы "Академик М.Ф.Решетнев атындағы ХҒС" АҚ-мен бірлесіп, аталған қызметтерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

"Қазтелерадио" АҚ баспасөз қызметі де KazSat-3 Қазақстандық спутнигіндегі штаттан тыс жағдайға байланысты Қазақстандық және шетелдік телеарналардың бір бөлігі OtauTV пакеттерінде қолжетімсіз болып қалғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта "Қазтелерадио" АҚ ғарыштық байланыс орталығымен бірлесіп, KazSat-3 жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте KazSat-2 пайдаланатын мемлекеттік телеарналар штаттық режимде таратылады. Барлық 567 Радиотелевизиялық станция KazSat-2 резервтік спутнигінен телевизиялық арналарды қабылдайды және Қазақстан Республикасының барлық аумағына хабар таратады", - делінген хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан