Таразда құрылысы бітпеген үйді тұрғындарға пайдалануға берген

Тараз қаласында Ы. Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа тұрғын үй алабындағы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталмай жатып 2022 жылы пайдалануға берілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тапсырыс беруші Тараз қаласының әкімдігі мен техникалық қадағалаушы тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігер компания жұмысты толық аяқтамай жатып, нысанды қабылдау АКТ-сіне қол қойып, мөрін басып берген.

"Тұрғын үйдің іргесі 2020 жылы қаланды. 2022 жылы мамыр айында құрылысы бітпеген нысанды пайдалануға берді. Қабылдау АКТ-сінде негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілген уақыт – 8 ай, жалпы кезеңі 24 айды құрайтыны көрсетілген. Содан бері 1 жылдан аса уақыт өтті. Ал құрылыс әлі біткен жоқ", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Жандос Дүйсетов.

Тапсырыс берушілер құрылысы толық бітпеген нысанды қабылдап алу арқылы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы №540 Бұйрығының 172-тармағын және мекеме жұмыстарға ақы төлеу кезінде №348, №208 шарттардың 3.3-тармағын бұза отырып, жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 2019 жылғы 28 қазандағы №348 және 2020 жылғы 6 мамырдағы №208 нысанды аяқтаудың соңғы жылына арналған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жұмыстарды шартты жалпы сомадан ұстап қалмаған.

Аяқталмаған тұрғын үй құрылысына қатысты тұрғындардың арызы бойынша Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудиторлық іс-шара өткізген. Аудиторлық тексерістердің нәтижесінде мекеме тарапынан 2017 жылғы 14 қарашадағы №249 нормативтік құжаттың 16-тармағын бұза отырып, мердігерлік шартқа қол қою кезінде сатып алу нәтижелері бойынша шарттың жалпы сомасын айқындайтын және шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын шарттық бағалардың ведомстері қалыптастырылмағанын анықтаған.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысына қарай аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Ә.Баймағамбетов орындалмаған жұмыстар үшін мекеме тарапынан қанша қаржы жұмсалғанын айтты.

"Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінің соңында  80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы №13-1 белгі бойынша Бюджет Кодексінің 97-бабының 6-тармағын бұза отырып, мекеме тарапынан орындалмаған, осы тектес бұзушылықтар Сүлейменов көшесінің соңындағы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы бойынша мекеме тарапынан орындалмаған жұмыстар үшін 118 071,5 мың теңге сомасына төлем жүргізілген", - деді ол.

Аудиторлық тексерулер сондай-ақ жауапты мекеме тарапынан Мемлекеттік сатып алу туралы Заңның 43-бабының 24-тармағы, шарттардың 8.3-тармағын бұзып, мердігер "СМК-4" ЖШС-нің мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбының сомасы және Заңның 12-бабы 4-тармағының 3-тармағында өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арызбен онымен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған деп тану жөнінде шаралар қабылданбағанын анықтаған.

                                                                                              А.Сырымбет

 Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!