Төбеден су сорғалайды: Егіндікөлде күрделі жөндеу жасалған мектептің жағдайы мұғалімдердің наразылығын тудырды

Төбеден су сорғалайды: Егіндікөлде күрделі жөндеу жасалған мектептің жағдайы мұғалімдердің наразылығын тудырды
Фото: Автордан

Ақмола облысының Егіндікөл ауданында былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен мектептің төбесінен су сорғалап тұр. Мектеп ұжымы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа шағым жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр аудан орталығындағы №2 Егіндікөл орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы басталған. Мемлекет қазынасынан білім ордасын жөндеуге 296 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Алайда жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінген мектептің қазіргі жағдайы алаңдатарлық. Шатырынан су сорғалаған мектепте оқушылар сабақ оқуға мәжбүр. 

Деректерге сенсек, күрделі жөндеу жұмыстарына "ГрандСтройСервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болған. Құзырлы органның Егіндікөл ауданындық білім бөлімінің мердігерге жауапсыз қарауынан әрі бақылау болмағандықтан мектептің жағдайы мұндай халге түскен. Мектеп мұғалімдері оқу орнындағы өрескел заңбұзушылықтың назарға алмағанын, балалардың қауіпсіздігіне мән берілмегенін жеткізді. 

Білім бөлімінің басшысы Арай Әбенованың тарапынан бақылау болмағаннан және жауапсыздығынан мектептің күрделі жөндеуден кейінгі хәлі шошытып тұр. Арай Әбенованың айтуынша, мердігерлер жұмысты мерзімінде аяқтамаған. Ол қабылдау актісіне әлі қол қойылмаған, мектептің барлық құқығы бұзылған. Сондықтан биыл 15 маусымда шатырды жөндеу үшін жеке кәсіпкер "А.Жүсіповпен" тағы келісімшарт жасалған.

"Бастапқыда 12 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Келісімшарт қазынашылық органдарында 27 маусымда тіркеліп, 1 тамызға дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда күні бүгінге дейін ауа райына байланысты жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Соның салдарынан шатырдың жөнделмеуінен мектептің 4 қабаты мен спортзалының жағдайы алаңдатып отыр", - дейді мектеп мұғалімдері. 

Апаттық жағдайға жеткізген білім бөлімінің басшысы жұмысты аяқсыз қалдырып, басқа ауданға қызмет бабымен ауысып кеткен. Ал мектептегі жөндеу жұмыстары сол қалпы аяқсыз күйде қалған. Бұл жағдайға байланысты Ақмола облысының білім басқармасы ресми жауабын берді. 

"№2 Егіндікөл орта мектебі ғимаратына жөндеу жұмыстары 2022 жылы орындалған. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша жөндеу жұмыстарына шатырды жөндеу кірмеген. Биыл мердігер ұйыммен мектептің шатырына жөндеу жұмыстары басталған. Жауынға байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылған. Қатты жауынның салдарынан 4-қабатта шатырдан су кетті. Осыған қарамастан мектепте оқыту процесі тоқтамады. Балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 4-қабат кабинеттері оқу процесіне қолданылмайды, - деді Ақмола облыстық білім басқармасы өкілдері. 

Мектепте жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны әзірге беймәлім. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!