Берік Уәли қайтадан Президенттің баспасөз хатшысы болды

Берік Уәли қайтадан Президенттің баспасөз хатшысы болды

Берік Уәли қайтадан Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.

Айта кетейік, Берік Уәли 2019 жылғы наурыздан 2022 жылғы наурызға дейін Президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

Берік Уәли Темірбек Жүргенов атындағы қазақ мемлекеттік театр және кино институтын "Кинотанушы", әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін "Журналистика", Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін "Құқықтану" мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы "Хабар" агенттігі" АҚ-ның журналисі болып бастады, сондай-ақ "ТАҢ" телекомпаниясының, "НТК" телеарнасының, "31-канал" ЖШС-нің, ақпараттық бағдарламаларының редакторы, "Нұр Медиа" ЖШС-нің жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі болып жұмыс істеді.

Берік Уәли Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, Amanat партиясы (бұрынғы "Нұр Отан") төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2022 жылғы наурыздан қазірге дейін "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. "Құрмет" орденімен, 4 медальмен марапатталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан