Қарағандыда 75 миллион теңгеге отырғызылған көшеттер қурап қалған

Қарағандыда 75 миллион теңгеге отырғызылған көшеттер қурап қалған
Фото: Автордан

Қарағанды қаласында 75 миллионға көшеттер отырғызылып, қурап қалған. Қала көркіне сақ қарайтын тұрғындар ауаға кеткен ақшаны айтып даулап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 жылдан бері көшеттерді бақылап, жай-күйін бағдарлап жүрген тұрғындар өткен жылы ағаштар қурап қалған кезде әкімдік өкілдері мен мердігерлерге шағымданған. Олар көшеттер толық қурамаған әлі жаны бар екенін айтып, жылы жапқан.

"Олар ағаштардың өмір сүру деңгейі 90% деді. Бірақ барлығы қурап қалған. 90 емес 0%. Барлық көшеттер отырғызылды. Қаражат бөлінді. Енді оны кім қалпына келтіреді? Ақшаны жай жерге көме салды. Оңтүстік-Шығыста тек бұл емес, мұндай мәселе толып жатыр. Мен қала тұрғыны ретінде осы жайтқа қатты алаңдаймын", - дейді тұрғындар.

Сарыарқа даңғылындағы көшеттерге 75 миллион теңге бөлінді. Бұл шамамен 800 үш метрлік терек көшеттер. Олар 2021 жылы отырғызылды. Тендерді "Жарқын болашақ әлемі" қоғамдық ұйымы жеңіп алды. Бұл ағаштар қурап қалды, кепілдік міндеттемелері аясында компания өз есебінен жаңа көшеттер отырғызуға міндеттелді. Бірақ бұл іс те аяғына жеткен жоқ. Алдымен шенеуніктер мердігерді қорғап, ағаштар әлі өсетінін айтты. Бірақ тек 50-ге жуық көшет аман қалды. Қыркүйектің соңында кепілдік мерзімі аяқталады. Аудан әкімдігі мердігерді кепілдік міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы сотқа талап арыз жолдады. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін шенеуніктер енді көгалдандыру бойынша мердігерлермен бірден 3 жылға, 2 жылға кепілдік жасасуға ниетті.

"Бүгінгі таңда біз кепілдік міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы сотқа талап арыз жібердік. Енді біз процесті күтеміз. Негізі мердігер ұйыммен сөйлестік. Олар бұл ағаштарды үшінші рет отырғызуды жоспарлап отыр. Мұның бәрі бюджеттік ақшасыз, олар өз есебінен жасайды", - деді Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.

Қураған ағаштар қаланың көрінісін бұзды, сондықтан олар мүлдем кесіліп, жер жыртылды. Әкімдікте мердігерлерге айыппұл салуға өкілеттік жоқ. Мұндай көгалдандыру қайталанбауы үшін шенеуніктер мемлекеттік сатып алу тәсілдерін өзгертуге ниетті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы