Астана қаласында Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған (9-10 қыркүйек күндері) шарада түрлі өнімдер нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен өткеріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңке Астана қаласы Тәуелсіздік даңғылы №50, Шабыт сарайының алаңында ұйымдастырылған. Мұнда Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданы және 2019 жылы бастау алған "Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту" пилоттық жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы тауар өндіруші кооперативтері мен өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлер 168,6 млн. теңгені құрайтын 298,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелген.
Атап айтқанда, 33 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой еті), 3,2 тонна тауық еті, 4,0 тонна шұжық өнімдері, 14,0 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 1,0 тонна кондитерлік өнімдер, 3,4 тонна макарон өнімдері, 10,0 тонна балық, 5,0 тонна бал, 208 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері бар.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, тауарлардың түрлері және бағасын бақылады. Жәрмеңке барысында жергілікті тұрғындар үшін ұйымдастырылған Жамбыл аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Еске сала кетейік, жәремеңке 10 қыркүйек күні де жалғасын табады.
Материал Жамбыл облысының әкімдігімен ұсынылды