"Орыс әдебиеті емес, Әлем әдебиеті". Оқу-ағарту министрлігі Тоғжан Қожалыға жауап берді

"Орыс әдебиеті емес, Әлем әдебиеті". Оқу-ағарту министрлігі Тоғжан Қожалыға жауап берді
Фото: Тоғжан Қожалының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қоғам белсендісі, Бекболат Тілеуханның бұрынғы келіні Тоғжан Қожалы Орыс әдебиеті пәнінің орнына Әлем әдебиетін енгізуді ұсынған еді. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері мектепте қандай әдебиеттер оқытылатынына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тоғжан Қожалының сөзінше, 6-сыныптың оқулықтарынан шетел әдебиеті шығармаларын байқамаған.

"Пәннің атын өзгерту керек. "Орыс әдебиеті" емес, "Әлем әдебиеті" деу қажет, өйткені олар басқа да әлем классиктерін оқу бағдарламасына қосуға уәде беріп отыр ғой. Иә, бұл - саясаттың мәселесі. Содан? Бұл пән кем дегенде 80 пайыз әлем әдебиетінен тұруы керек. Бұл балаларымызға өзін әлемнің азаматы ретінде сезінуге көмектеседі! Мен тек 6-сыныпқа арналған орыс тілі, орыс әдебиеті, қазақ тілі және қазақ әдебиеті оқулықтарын көрдім, бірақ шетел әдебиеті шығармаларын көрмедім. Бірақ Мельников Печерскийдің "Пантеон деревних славян" атты славян мифологиясын көрдім", - дейді ол.

Ведомство мәліметінше, мектепте шетел және қазақ әдебиеті шығармалары оқытылады.

"Қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша мектепте әлем классиктерінің, оның ішінде орыс және шетел авторларының шығармалары оқытылады. Әлем әдебиетінен Джек Лондон, О. Уайлд, К. Д. Бальмонт, Р. Брэдбери, Ш. Айтматов, Жюль Верн және т.б. шығармалары оқытылады. Сонымен қатар, танымал қазақ жазушылары мен ақындарынан Абай, М.Жұмабаев, Шәкәрім, С.Сейфуллин, М.Мақатаев, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, М.Әуезов, О.Сүлейменова, М.Шаханов және т.б. оқытылады", - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігінде болашақта түркі халықтары мен әлем халықтарының фольклорлық мұрасы (мифтер, аңыздар, ертегілер), әлемдік балалар әдебиетінің үлгілері, Жапонияның, Қытайдың, Иранның, Парсы, Үндістанның және батыс әдебиетінің әлемге әйгілі жазушыларының шығармаларын енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова