- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұхтар Әуезов театрының...
Мұхтар Әуезов театрының жаңа маусымы ашылды
Алматыдағы өнер ордасы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 98-маусымы ашылды. Салтанатты ашылу рәсімі қала күніне арналған "Сүйікті Алматыма театрдан сәлем!" атты мәдени шарадан басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұдан соң театр әртістері халық көңілінен шыққан қойылым кейіпкерлері ретінде қызыл кілеммен жүріп өтті.
Жаңа маусымның ашылуына өнерсүйер қауым көп жиналды. Театр сахнасын сағынған көрермен халық көзайымына айналған әртістерге қошемет көрсетті.
Театр "Еңлік-Кебек" қойылымымен жаңа маусымын ашты. Қазақ кәсіби театрының шымылдығын алғаш ашқан туынды бұған дейін бірнеше рет қойылған.
Қойылым оқиғаларының негізгі желісі де Еңлік пен Кебектің махаббаты аясында өрбіді. Туындының қоюшы- режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Ал екі жастың рөлін Әділет Базарбай мен Захира Рахымжан сомдады. Ел ішінде құрметті, сәуегей кейіптегі Абызды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс сомдады. Сондай-ақ, актерлік құрамда Болат Әбділманов, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Алмат Құрақ, Саят Мерекеұлы, Ерлан Біләл, Мұрат Нұрәсілов, Омар Қиқымов пен Мұхтар Қапалбаев бар.
Қойылымда екі жастың арасындағы сезім бақытқа емес, қасіретке бастайды. Себебі олардың таңдауы ұлттық құндылықтарға, "Дала заңына" кереғар.
"Қойылымда жағымсыз кейіпкер жоқ"
Қоюшы-режиссер Әлімбек Оразбековтің айтуынша, қойылымның ерекшелігі жастардың қателігін басқаларға сабақ болу үшін көрсету.
"Бұған дейін бұл пьеса бірнеше рет сахналанды ғой. Ол жерде екі жасты өлтірді деп жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетілген. Ал жаңа нұсқадағы қойылымда, байқасаңыздар, жағымсыз кейіпкер жоқ. Біздің мақсатымызда жағымды, жағымсыз кейіпкер деп бөлу жоқ. Мұхтар Әуезовтің кезінде жастарда еркіндік болмады. Үлкендер не айтса, соны орындау заң болды. Сол үшін де бұл тақырып өзекті еді. Қазіргі таңда қыздар жасы үлкенге де, шетелдіктерге де тұрмысқа шығып жатыр. Кедергі жоқ деп айтар едім. Себебі еркіндік бар. Дегенмен, бұл кері әсерін тигізеді. Ал қойылымда осыны ашып көрсеткісі келді. Ақсақалдар болған оқиғаға қайғырып, екі жастың махаббатын қорғай отырып, соңында "Дала заңынан" аттамау керек деп шешім шығарады. Ал мұны орындамағандарды жазаға тартады. Осылайша, соңында екеуін де өлтіріп, мазарын салып, басқаларға сабақ ретінде көрсеткісі келді", - деді режиссер.
Еске салайық, бұған дейін Ethnotronica Almaty музыкалық шоуы өтетіні туралы жарияланған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы