"Көңіл көтергіміз келді". Шымкентте түнгі клубқа келушілердің шұлықтарынан есірткі табылды

"Көңіл көтергіміз келді". Шымкентте түнгі клубқа келушілердің шұлықтарынан есірткі табылды
Фото: Видео кадры

Шымкентте полиция қызметкерлері түнгі клубқа келушілердің шұлықтарынан есірткі тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Рейдтік іс-шаралар барысында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы түнгі клубтардың бірінің кіреберісінде тыйым салынған заттар бар деген күдікпен екі адамды тоқтатқан.

Тексеру нәтижесінде 22 жастағы бойжеткеннен ұнтақты заты бар шағын полиэтилен пакеті табылды. Тәртіп сақшылары дәл осындай ұнтақты оның 19 жастағы досынан да тапты. Олар есірткінің бір реттік дозасын қолданып көру мақсатында шұлықтарына жасырған.

Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон екенін растады. Ұсталғандар өз жауабында есірткіні көшеден тауып алып, клубқа көңіл көтеру үшін алып келгенін көрсетті.

Бұл оқиға Әл-Фараби АПБ-да ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді.

Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек