Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың жантүршігерлік өлімі: сот процесі басталды

Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың жантүршігерлік өлімі: сот процесі басталды
Фото: Tengrinews.kz

Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өліміне қатысты сот процесі басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы құқық қорғаушы Талғат Есімов хабарлады.

"Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы бес жасар қыздың өлімі бойынша сот процесі басталды. Процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үлкен резонанс тууына байланысты сот басқа аймақтың тергеу изоляторы аумағында өтеді. Менің жеке ұстанымым үкім бір болуы керек: сотталушыны қоғамнан өмір бойы оқшаулау!" - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

"Киімсіз денесін көрдім". Түркістан облысындағы қыздың өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. 

Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді. 

"Басына пакет кигізіп, 12 рет пышақ сұққан". Түркістан облысында қыз өлімінің мән-жайы айтылды

Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған. 

"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды.

2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова