Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің ісі сотқа жіберілді

Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің ісі сотқа жіберілді

Тергеушілер Дикий Арман лақапатымен танымал Арман Жұмагелдиев пен кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің ісін сотқа жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалалық соттың мәліметінше, айыпталушылар 2022 жылдың басында Алматыда болған қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, оған қатысты деген күдікке ілінді. Олардан басқа тағы 40 адамның үстінен соталды тергеу жүргізілген. Сот ісін судья Асхат Әшірбеков жүргізеді.

office.sud.kz сайтының суреті

"Іс сотқа түсті, тіркеу сатысында тұр. Қарау күні белгіленбеді", - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

ІІМ мәліметінше, Арман Жұмагелдиев 2021 жылы желтоқсанда шетелден келіп, қаңтар оқиғалары кезінде Алматыда болған. Ол 2022 жылы бес адамнан тұратын қылмыстық топпен бірге Алматыда арнайы операция барысында ұсталды. Ұсталған кезде күдіктілерден әртүрлі маркалы және калибрлі төрт жартылай автомат тапанша, оқ-дәрілер, суық қару мен брондалған көлік тәркіленді.

Алматы мәслихатының VII шақырылымының депутаты Қайрат Құдайберген былтыр 22 сәуірде қаңтар оқиғасы туралы іс бойынша ұсталып, қамауда болды. Құдайберген жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, өзі де қатысты деген күдікке ілінді. Соталды тергеу барысында ол Жұмагелдиевпен бірге Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінде адамдарды жинауды ұйымдастырғаны анықталды. Тергеу мәліметтері бойынша, Қайрат Құдайберген адамдарды Дикий Арманға бірігіп, қолдап, бірге билікке бірыңғай талап қоюға шақырған. Сонымен қатар, адамдарды 10 адамнан топқа бөліп, белгі ретінде білектеріне ақ таңғыш байлауға нұсқау берген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә