"Ұлтаралық араздықты қоздырдың". "Немо" дельфинарийі қазақша қызмет көрсетуді талап еткен журналисті кінәлаған

"Ұлтаралық араздықты қоздырдың". "Немо" дельфинарийі қазақша қызмет көрсетуді талап еткен журналисті кінәлаған
Фото: Автордан

Қазақстанда кәсібін дөңгелеткендердің қазақ тіліндегі қызметі ақсап тұр. Мәселен Алматыдағы "Немо" дельфинарийіне 9 бірдей бүлдіршінді ертіп барған Жазира Байдалы есімді қала тұрғыны қойылымның қазақ тілінде болмағанын айтып шағымданды. Оның сөзінше билетте қойылымның қай тілде көрсетілетіндігі жазылмаған. Тіпті қызметкерлер де қазақ тілінде қызмет көрсетпепті. Ал қазақ тілін талап еткен тұрғынның сөзіне мекеме басшылығы мардымды жауап бермеген. Ашынған азаматша мемлекеттік тілді мойындамаған мекеменің 2gis қосымшасының пікір алаңына қазақ тіліндегі сұрағын қайталап жазыпты. Ал "Немо" дельфинарийі өкілдері мұны "ҚР ҚК 174 бабының 1-бөлімі "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" деп бағалап, жауап қалдырған. Massaget.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді. 

Жазира Байдалы 2 қыркүйек күні орталық парктегі дельфинарийге билет алыпты. Бас-аяғы 12 адам болып сағат 15:00-де қойылымға кірген. Алайда шоудың орысша болғанына қапаланып, 20-25 минуттан кейін сыртқа шығып кассадан "Неге бағдарлама тұтас орысша?" - деп сұрап, бағдарламаны көруден бас тартуына орай, тек өзіне тиесілі билеттің ақшасын қайтаруды талап еткен. 

"15:00-де ішке кірдік. Қойылым басталды. Басында 10 минут бойы сахна артынан мәтін оқылды. Орысша. Біз қойылымды күтіп отыра бердік. Сосын барып 2 итбалықпен тренер ортаға шықты. Өнерлерін көрсетті. Дыбыстық сүйемелдеме орысша болды. Содан кейін мен сыртқа шығып "Іште 9 баламыз отыр. Бәрі қазақша сөйлейді. Шоуларыңыз болса орысша. Қазақшасы жоқ па? Неге билетте "орысша" деп жазылмаған?" деп сұрақ қойдым. Жөнді жауап ала алмаған соң "Балалар отыра берсін, ал менің билетімнің ақшасын қайтарыңыздар, мен бұл шоуда отыра алмайды екем", - деп талабымды айттым дейді ол.  

Ал мекеме қызметкерлері билеттердің купонмен (жеңілдікпен) 3000 мың теңгеге алынғанын, ал мұндай билеттің қайтарылмайтынын айтқан. Тұрғынның "Қойылым, бағдарлама тұтас орысша деп алдын-ала неге  ескертпейсіздер? Неге кассада қазақша ақпарат жоқ, қазақша бағдарлама туралы ақпарат жоқ?" деген сұрағына мекеме басшылығы "Біз мемлекеттік мекеме емеспіз, шоуды қай тілде өткізсек те өз еркіміз” деген сыңайда жауап берген. 

Қала тұрғыны мекеме басшылығымен арадағы әңгіменің барлығы орыс тілінде болғанын айтты. Содан кейін 2gis қосымшасына кіріп, пікір алаңына қазақ тіліне қатысты сұрағын қайта қояды. Дельфинарий қызметкерлері ҚР Конституциясының 7-бабы, 2 тармағына сәйкес "Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады" деген заңды алға тартады. Сонымен қатар қазақ тілінің құқығын қорғауды "ҚР ҚК 174 бабының 1-бөлімі "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" бабымен бағалаған.

Біз мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін "Немо" дельфинарийіне бардық. Алғашында "Бастық ауырып жатыр" деп сылтауратқан қызметкерлер жауап беруден жалтарды. Бірақ әңгіме барысында бұл орталық "Украиналық делфинарий" екенін, ал Қазақстандағы бастығы ұйғыр азаматы екенін білдік. 2016 жылдан бері қызмет ететін бұл орталық күніне 3 мәрте қойылым көрсетеді екен. Ал қойылым қоюшы әртістердің бірі 2gis қосымшасындағы жазбасын былай түсіндіріп берді. 

"Ол кісі бізге "неге қазақша сөйлемейсіңдер" деп айтты. Кейін 2gis қосымшасына жаза бастады. Біздің бастығымызға "Ресейге кетіңдер" деп айтты. Содан кейін мен ҚР қылмыстық кодексінде "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" деген бап бар екенін жаздым. Бірақ мен ол адамға жала жапқан жоқпын. Содан кейін ҚР Конституцясының 7-бабы, 2-тармағында көрсетілгендей "Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылатынын", яғни біздің орыс тілінде сөйлеуге құқығымыз бар екенін айттық", - дейді мекеме қызметкерлері. 

Сонымен қатар шоудың ортасында қазақ тілінде бөлім болатындығын, демалушы шоуды толық қарамағанын айтты. Билетті қайтармау себебін демалушының шоудың жартысын тамашалағанымен байланыстырды. Ал әлеуметтік желіде "шошқалар", "шевенистер" сынды пікір қалдырған адамдармен заңгер мен адвокат айналыстатынын жеткізді. Алайда қойылымды соңына дейін көрген бас қа да көрермендер ешқандай қазақ тілі қолданылмағанын жеткізді. 

Ал заңгер Ғабит Өмірбек қазақ тілінің құқығын қорғау "ұлтараздық алауыздықты қоздыруға" жатпайтынын кесіп айтты. 

"Тілдің құқығын қорғау ҚР ҚК 174 бабының 1-бөліміне жатпайды. Біріншіден ешқандай сараптама қорытындысы жоқ. Әр айтылған сөзде, жазылған мәтінде ұлтараздықты қоздыратын мән бар ма, жоқ па мұны сарапшылар анықтайды. Сарапшылар дәлелдейтін болса ол адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Екіншіден демалушы анонстан бағдарламаның орысша өтетінін білсе, қойылымға кірмегені дұрыс. Ал алдын ала тіл туралы ешқандай ақпарат айтылмаған қойылымдардан қазақ тілін талап етсе, шу шығарған адамның өзі кінәлі болатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары қазақ тілін толық талап ету үшін қазақ тілі мен қатар орыс тілін қолдануға рұқсат деп көрсетілген ҚР Конституциясының 7-бабы, 2 тармағын алып тастау керегін жеткізді. 

Қызметкерлердің сөзінен бөлек "Немо" дельфинарийінің инстаграмм парақшасында қазақ тіліндегі бірде-бір ақпаратты көрмедік. Осыған байланысты қызметкерлерге сұрақты төтесінен қойсақ та "біз әлеуемттік желіні орыс тілінде жүргізуге құқығымыз бар" деген жауап алдық. Қысқасы мекеме өкілдері бағдарламаның орысша екеніне де, парақшаларын тек орыс тілінде жүргізетініне де қысылып тұрмағанын байқадық.

Қазақстанда қазақ тілінен басқасының бәрінде құқық бар. Себебі ата заңмен қорғалмаған тілді қарапайым қараша талап еткенінен өзі жауапкершілікке тартылатындығын білдік. Заңгер айтқандай ана тілімізді ардақтауды билік "Конституциясының 7-бабы, 2 тармағын" алып тастаудан бастау керек. Ал табалдырықта жатқан тілді төбеге көтеруге қазақ тілділерге қызмет көрсететін кәсіпкерлердің құлқы жоқ екенін байқадық. Демалыс орталығының қызметкерімен 40 минут пікірталастың нәтижесінде "барлығын 3 тілде жүргізуді қарастырып жатырмыз" деген жауап алдық. Алайда тілдің құқығын қорғауды, ұлт аралық араздықты қоздыруға балаған мекеменің ниетін түсінбедік...    

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов