"Семіздерді жұмысқа алмаймын". Қазақстанда ірі мейрамханалары бар ресейлік кәсіпкердің басы дауға қалды

"Семіздерді жұмысқа алмаймын". Қазақстанда ірі мейрамханалары бар ресейлік кәсіпкердің басы дауға қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

Қазақстанда және шетелде қымбат мейрамханалар желісіне иелік ететін ресейлік кәсіпкер, ресторатор Александр Орлов кезекті даулы мәлімдемесіне байланысты әлеуметтік желіде сынға қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орлов блогер Ұлықбек Шәріповке сұхбат берген. Онда кәсіпкер адамдарды жұмысқа аларда артық салмағы барларды жалдамайтынын айтады.

"Семіз адамдарды жұмысқа алмаймын. (...) Қалжыңдап тұрған жоқпын. Топ-позицияларға алмаймын", - деді Александр Орлов.

Кәсіпкер мұндай адамдарды жұмысқа алу бизнес үшін қауіпті екенін жеткізген.

"Толық адамдарды, семіз адамдарды жұмысқа қабылдамаған дұрыс, бұл қауіпті. (...) Дене - сенде бар ең құнды нәрсе. Қалғанының бәрі дене сияқты құнды емес. Денені саған жоғарыдан, туған кезде береді", - деді Орлов.

Блогер кәсіпкердің ұстанымымен келіскен. Ресторатордың видеосі әлеуметтік желілерде дау тудырды.

"Еңбек кодексі бойынша бұл мүмкін емес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Конституция бойынша бұл адамды кемсіту және конституциялық еңбек құқығын бұзу", "Ол Қазақстан азаматтарын бірнеше рет қорлап қана қоймай, Конституциядағы бапқа қарамастан адамдарды кемсітіп отыр. Мұны қолдайтын адамдар әлі де бар ма?", "Ол дұрыс айтады, ең құндысы - денеміз, оны жақсы көру және күту керек. Алайда ол толықтарды қорлады. Адамдар үнемі май жей бермейді. Оған көптеген себеп бар, бірақ бұл олардың ақыл-ойы мен қабілеттерін анықтамайды", - деп жазды олар.

Айта кетейік, Алматыда Александр Орловқа Queen Almaty, DragonFly, Blue Cat Coffee, Manana, Tanuki, Астанада Ryba Pila және "Орлов моншалары" кешені сияқты нысандар тиесілі.

Сондай-ақ, былтыр Орлов "Орта Азияда білікті кадрларды табу қиын, олар тапшы" деген мәлімдеме жасаған болатын. Бұл мәлімдеме де қазақстандықтардың әлеуметтік желілерде наразылығын тудырған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова