"Нәжіс иісі шығады". Өскеменде Даниал Ахметовтен қалған "мұраны" жөндеуге 63 миллион теңге бөлінген

"Нәжіс иісі шығады". Өскеменде Даниал Ахметовтен қалған "мұраны" жөндеуге 63 миллион теңге бөлінген
Фото: Асыл Бигелді

Өскеменде Даниал Ахметовтен қалған "мұраны" жөндеуге 63 миллион теңге бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер Абай және Назарбаев даңғылы қиылысындағы жер үсті жолаушылар жолын жөндейтін компания іздеп жатыр.

Әу баста бұл нысан көпшілік арасында оң бағаға ие болмады. Көбі жолдан өтудің қиындығын, мүгедек жандар мен қарттар әуреге түсіп жатқанын айтып, сынның астына алды. Қолданысқа берілген соң жер үсті жаяу жүргіншілер жолы ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт істен шықты. Салынғанына бес жыл өтсе де қалалықтар үшін ыңғайлы қызмет түрлері жоқтың қасы.

Облыстың экс-әкімі Даниал Ахметов бірнеше жыл бұрын мұны жұртшылық үшін серпіліс әкеліп, көліктердің кептелісте тұруын азайтады деп сендірген еді.

Мәди Кенжебай есімді тұрғын қазіргі кемшілігі істемейтін камерадан-ақ байқалатынын жеткізді.

"Баспалдағы ластанған, ішкендердің құсығына ұқсайды. Қабырғалары бейәдеп сөздерге толы, ал баспалдақ асты қоқыстанып, нәжіс иісі шығады. Сымдар көк, қызыл изолентамен оралған, есігін скотчпен бекітіпті. Нысан салынғалы есіктің шынысы бір жөнделмеді. Жазда аптап, суықта желдің уілдеген дауысы шығады. Ең бастысы, бағдаршамдар алынады деп дүрліктіріп еді, бәрі сол қалпы. Салынса да түк өзгерген жоқ, халық әлі сергелдеңге түсіп жүр", - деді ол.

Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер жағдайды реттеуге бекініп, бұл мақсатқа 63 миллион теңге бөлді. Жұмыс әзірге сыртқы кейпін қалпына келтірумен шектелмек. Техникалық құжаттамада мердігерге жұмысты биыл 1 желтоқсанға дейін аяқтау керек екені жазылған. 

Асыл Бигелді

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz