Шымкентте 3 жасар баланың қолы еттартқышта кептеліп қалған

Шымкентте 3 жасар баланың қолы еттартқышта кептеліп қалған
Фото: Шымкент ТЖД

Шымкентте үш жасар баланың қолы электр еттартқышқа кептеліп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қаланың ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Сайрам елді мекеніндегі №3 қалалық ауруханасында ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері баланың қолын электр еттартқыштан алып шығу үшін бірегей операция жүргізді.

Қалалық ауруханадан "112" құтқару қызметіне 3 жасар баланың қолы электр еттартқышқа түсіп кеткені туралы хабарлама келді. Дәрігерлер баланың қолын еттартқыштан шығара алмағандықтан, құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

Ата-ананың айтуынша, бала құрылғыны пайдалану кезінде жақын жерде жүрген, салдарынан төтенше жағдай болған.

Құтқарушылар дәрігерлермен бірге операция жүргізді. Төтенше жағдай қызметкерлері апаттық-құтқару құралының көмегімен еттартқыш корпусын мұқият кесіп, қолын босату үшін балаға анестезия салған.

Қазір бала №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының реанимация бөлімінде.

Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қауіпті заттардың жанында қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын ескертті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!