Қазақстандық ауыратлет сот арқылы 20 миллион теңге сыйақысын өндіріп алды

Қазақстандық ауыратлет сот арқылы 20 миллион теңге сыйақысын өндіріп алды
Фото: olympic.kz

2016 жылғы Рио Олимпиадасының жүлдегері Денис Уланов медалі үшін ақшалай сыйақы алды. Мұндай шешімді Жоғарғы сот шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстандық спортшылар одағының" хабарлауынша, мұндай шешімді әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шығарған.

"Денис Уланов 2016 жылы Риода өткен жазғы Олимпиада ойындарында медальға сәл жетпей қалды. Ол төртінші орын алған еді. Алайда көп ұзамай осы ойындардың қола жүлдегері румыниялық спортшы Габриэль Сынкрэян допинг қолданғаны үшін жазаланып, оның медалі автомат түрде Дениске берілді. 

Біраз уақыттан кейін зілтемірші үшінші орын үшін тиісті сыйақысын алу үшін Мәдениет және спорт министрлігіне жүгінген, бірақ оған ведомство "төлемдерді қайта қарауға негіз жоқ" деген себеппен өтінішін қараудан бас тартқан", - делінген баспасөз хабарламасында.

Кейінірек спортшы жағдайды түсіндіріп, содан кейін ақшалай жүлдені қайта қарауға қол жеткізді. Спортшыға Олимпиадада алған 4-орны үшін 30 мың доллар (шамамен 13,9 миллион теңге), ал 3- орын үшін 45 мың доллар (тағы 20 миллион теңге) алуға құқылы болған.

2023 жылғы наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігі Улановқа төленген төлемдер туралы мәлімдеме жасады, бірақ тек Жоғарғы соттың шешімінен кейін ғана спортшы ақшалай сыйақысын алды.

"Бұл жағдайдың шешіліп, зілтеміршіміздің жүлдесін алғанына өте қуаныштымын.

Дәл осындай жағдайларда Ольга Рыпакова, Дәулет Шабанбай, Нұрбақыт Теңізбаев сияқты белгілі спортшыларымыз да өз сыйақысын ала алады деп сенемін", - деді спорт одағының төрағасы Азамат Қарлығашев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан