"Жанұшыра айқайлап жатыр". Түркістанда ішінде әйел мен екі бала бар лифт тұрып қалған

"Жанұшыра айқайлап жатыр". Түркістанда ішінде әйел мен екі бала бар лифт тұрып қалған
Фото: Жандос Дүйсенбайұлы

Түркістанда 24 жастағы Салтанат Каипова мен екі баласы лифттің ішінде қалып қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абырой болғанда, барлығы дін аман. Әйел балаларын балабақшадан алып, 12-қабаттағы пәтеріне лифті арқылы көтерілмек болған.

Бірақ жедел саты оған жетпей, 10-қабатқа келгенде тоқтап, қатты шайқала бастаған. 30 минут арпалысқан оларға көршілері көмектескен.

"Мен 4-қабатта тұрамын. Алғашқыда шулап жатқан көршімнің балалары екен деп ойладым. Басылмаған соң сыртқа шығып қарасам, көмек сұрап жанұшыра айқайлап жатыр. Түймешесі ойнап, жалт-жұлт етіп тұр. Сөйтіп, олардың іште екенін көріп, су бүркіп жүріп, тірілттік", - дейді куәгер.

Осылайша, зардап шеккендерді төтенше жағдай департаменті мамандары құтқарған. Алайда ешқандай жедел көмек көрсетілмеген. Өлім аузынан аман қалған әйел екі баласы үшін қатты қорыққанын айтады.

"Батырмаларын басып жатырмын. Жарық сөніп қалған. Өйткені лифті қимылдамай тұр. Желдеткіш істемейді, ауа айналмайды. Сағат 16.50-ден, 17-20 ға дейін екі баламен отырдым. Көмек сұрап, лифтті қатты ұрғаннан білегім жарақаттанды. Мені шығарған кезде лифт екі ортада тұр. Кішкене ғана ашық жерден көтеріп алып шықты", - дейді ол.

Лифт қазір жұмыс істеп тұр. Есіктерінде саусақтың іздері қалған. Тұрғын үй кешенінде болып жатқан бұл алғашқы келеңсіз жағдай емес. Ашынған тұрғындар бұған дейін де лифт жиі бұзылып, ішінде ұзақ тұрып қалғандарын айтады. Қазір тұрғындар жедел сатыға мінуге шошып қалған. Тұрғын үй кешенінің халқы "жарнамасы жер жарып сапалы деп, Nursultan sity-ден алған үйіміздің түрі осы ма?" деп налиды.

Ал ресми сауалға жауаптылар кейінірек жауап беретіндерін айтты. Олардың сөзінше, лифтті орнатқан - "Түркістан лифт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Мұндай оқиға бір айдың ішінде облыс орталығында екінші рет тіркеліп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда 74 жастағы зейнеткер лифт шахтасына құлап, қаза тапқаны хабарланған еді.

Жандос Дүйсенбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz