- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Екінші сортты адам...
"Екінші сортты адам ретінде қарайды". Маңғыстаулық аналар мүмкіндігі шектеулі балаларына қатысты шағымданды
Маңғыстаулық аналар 18 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі жастарға көңіл бөлінбейтінін айтып шағымданды. Олар осындай жастарды қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру орталығын ашуды сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олардың сөзінше, 18 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі жастарды бірде-бір оқу орны қабылдамайды. Жұмыс табу тіпті мүмкін емес екен. Сондықтан олар төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр.
"Әрекетке қабілетсіз" деп танылған балалар қоғамнан ажырап қалды", - дейді аналар.
Аймақта мүмкіндігі шектеулі, жасы 18-ден асқан 6600-ге жуық жас бар. Олардың денсаулығына байланысты диагноздары әртүрлі. Бірақ бәрі де психиатриялық есепте тұр. Ал олардың аналары балаларын психикалық ауруханаға жатқызғысы келмейді. Керісінше қоғамға бейімделіп, ортаға қосылғанын қалайды.
"Ұлымның тек құлағы естімейді. ЗПР деген диагнозы бар. Бірақ былай қолынан барлығы келеді. 19 жасқа толды. Үйде отыра алмайды. Қызығады. Жұмыс сұрап барсақ, алмайды. Бізге баламызға жұмыс керек. Оқуға алмайды. Психиатриялық анықтамасы бар деп. Біз оларды дамытқымыз келеді", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Салтанат Тельманқызы.
Жалғызбасты аналардың жағдайы тіпті қиын. Асыраушысы жоқ әйелдер табыс табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан олар өздерін зейнет жасына ерте шығаруды сұрайды.
"Амал жоқ, дардай баламды кілттеп кетемін жұмысқа кеткенде. Жұмыста да еркін отыра алмайсың. Себебі баламның судорогі болғасын, кез келген жерде, кез келген уақытта құлап жатады. Ертерек бізді пенсияға шығарса екен. Сол кезде балама көңіл бөліп, жаттықтырып, қасында жүрер едім", - дейді Қамажай Екібасова.
Қоғам белсендісі Ағлен Таласбаеваның сөзінше, психикалық ақауы бар жастар еңбекке қабілетсіз, екінші сорттағы, қоғамның сыртында қалғандар деп есептеледі. Бірақ олай қалдыруға болмайды. Ерекше адамдарды еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет жасауға үйретін қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру мемлекеттік орталығын ашу қажет.
"Бір қабинетте психиатр, енді бірінде ақпараттық штаб неге отырмайды?! Аналардың өзіне психологиялық көмек керек. Бармағымен, башпайымен домбыра тартатын балалар бар. Башпайымен сурет салатын балалар бар. Сонда неге сондай балалар өзінің қарекетінін жасамасқа сондай кабинеттерде?! Сонда олар бір орта болар еді ғой. Өмірге көзқарастары өзгеріп, қызығушылықтары артар еді", - дейді қоғам белсендісі.
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсаңгүл Досполованың айтуынша, Ақтауда ересектерге арналған 50 орындық мемлекеттік оңалту орталығы ғана бар. Соны 100 орынға жеткізу жоспарланған. Бірақ оған оңалту орталығына рұқсаты бар адамдар ғана барады. Ал қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру орталығын ашу уақыт еншісіндегі мәселе екен.
Сая Мәжитқызы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz