Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ Қызылордада тұрады

Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ Қызылордада тұрады
Фото: Иса Бисеновтің жеке архивінен

Өткен ғасырдың 60-жылдары Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тұрып жатыр. Ерлігіне татымайтын жәрдемақы алатыны қарияның жанына батады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қармақшы ауданының құрметті азаматы Иса Бисеновтің жасы бүгінде сексеннен асып барады. Оңтүстік Вьетнамды АҚШ-тан қорғау жолындағы соғысқа аттанғанда жасы жиырманың үстіндегі бозбала болған. Ол ракетамен қаруланған полк құрамында орыс, украин, латыш, өзбектермен қатар соғысты.

"Операция құпия түрде жүргізілді. Әскери киімімізді шешіп алып қалды. Қытайдан дипломат есебінде ел қатарлы өттік. Діттеген жерге жеткенше әскери термин қоспауды, мүмкіндігінше өзара аз сөйлесуді бұйырды", - деді ақсақал.

Қария қиын-қыстау уақытта қыз-келіншектер мен балалардың халі аянышты болғанын айтты. Әйелдер күріштік басында кішкентай балаларын арқалап жүріп еңбек еткен. Ал қарияның есінен вьетнамдық балаға көмектескен сәті кетпейді.

"Қолын бомба жұлып әкетті. Қанша дегенмен, фельдшермін. Қанды тоқтатпақ болып жарылған қан тамырларын таңып қойдым. Қасымдағы серігіммен бірге оны алып, орман арасымен далалық госпиталь іздеп келеміз. Түн іші, госпитальдің қайда екенін жобалап қана білеміз. Ақыры таптық. Хирургтер қолдан келгенді істеуге уәде берді. Әйтеуір аман алып қалды. Балаға орта жолда бірдеңе болғанда өзімді кешірмес едім", - деді ардагер.

Вьетнам соғысын "құпия соғыс" деуге болады. Алайда бір жарым жылға жуық уақыттан соң елге оралса да әскери билетіне оған қатысқаны туралы белгі соғылмаған. Көп жылға дейін бұл туралы тіс жармауға міндеттелген.

Оған сол сұрапыл соғыстың зардабы тиіп, ІІ топ мүгедегіне айналды. Алайда қарияны өз дәрежесінің Ауған соғысы ардагерлерімен тең болғаны қынжылтады.

"Оның орнына Отан соғысының ардагерлерімен теңестірсе екен. Кеңес Одағы кезінде солай еді ғой. Кейін өзгеріп кетті. Сөйтіп, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында берілетін бір реттік көмектен қағылдық. Мүгедектік жәрдемақысы мен зейнетақы мардымсыз. Қымбатшылық та бүйірден қысып тұр", - дейді ол.

Назерке Саниязова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz