- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кентаудың экс-әкімі Рашид...
Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов 13 жылға қамалуы мүмкін
2 миллион 800 мың доллар пара алды деп айыпталған Кентау қаласының экс-әкіміне жақында үкім шығарылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Астанадағы Байқоңыр ауданы сотында өткен жарыссөзде прокурор судьядан Рашид Аюповты 13 жылға қамауды сұрады. Сондай-ақ, дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынуы мүмкін.
Жарыссөзге Рашид Аюпов пен оның адвокаттары қатысқан жоқ. Айыпталушы сырқаттанып қалуына байланысты уақытша ұстау изоляторынан бейнебайланысқа шықты. Таңғы сағат 10-да басталып, түстен кейін де жалғасын тапқан тыңдалымда Аюпов сол күйі айыбын мойындаған жоқ. Экс-шенеунікке кәсіпкерден 2 миллион 800 мың доллар пара алды деген айып тағылып отыр. Есесіне, Аюпов бизнесменге тендер ұттырып беруге уәде еткен.
Тергеу хаттамасына сай аса ірі көлемде пара алған Рашид Аюпов сол ақшаға алдымен Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі мен Астанадағы BI Village коттедж қалашығынан 90 миллион теңге тұратын баспана сатып алып, туысының атына жаздырып қойған. Сондай-ақ, үш жүк көлігін де иемденген. Бұл қылмыстық істе Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың де есімі жиі айтылады. Ол әкім болған кезде айыпталушы әкімдіктің аппаратын басқарған еді. Екеуі де "Болашақ" бағдарламасының түлегі.
Айта кетейік, Аюпов Илон Маскке Түркістаннан зауыт салу туралы ұсыныс жасап, өзі мүгедектерге арналған арбаға отырып, жолдың сапасын тексерген әкім ретінде елдің есінде қалды.
Еске салайық, бұған дейін оның қамауға алынғаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова