"Ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен". Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақынын Аманжол Әлтаев сынады

"Ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен". Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақынын Аманжол Әлтаев сынады
Фото: Видео кадры

Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты Мәжіліс депутаты, танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Facebook-парақшасында бөлісті. 

"Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым Қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ", - деп жазған ақын.

Аманжол Әлтаев ақынның тіленіп ат сұрағанына наразы болып, қырғыздардан екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауды сұрады. 

"Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік. Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ кім көрінгенді көшеден тауып алып, Қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде, қырғыз бауырлар, екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз. Құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын", - деді депутат. 

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевқа ат сыйлағанын хабарлаған едік. Бұл туралы Президент Әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орынбеков Facebook-парақшасында айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек