Тойдан шыққан: Түркістан облысында суға батқан 11 адамның өліміне қатысты тың дерек шықты

Тойдан шыққан: Түркістан облысында суға батқан 11 адамның өліміне қатысты тың дерек шықты
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы әкімдігі өкілі Сырдария өзенінде 11 адам қаза тапқан оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 21 тамызда сағат 18:00 шамасында тұрғындардан адамдар суға батып кеткені туралы хабарлама түскен. Шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның ішінде бес бала және алты ересек адам бар.

"Олар - бір отбасының мүшелері немесе тегі бір адамдар. Онда бірнеше ағайынды және олардың балалары болды. Туыстарының сөзінше, олар тойдан шығып, өзен жағасында демалуды ұйғарған. Жағалау өте терең, бірден терең жері басталады. Шамасы біреуі суға бата бастады, ал басқалары оны шығарып алуға тырысып, батып кетті. Алдын ала ақпарат бойынша, олар бір-бірін құтқаруға тырысып, батып кетті. Тіпті шомылуға үлгермеген, бәрінің үстінде киім болды. Бұл жер шомылуға арналмаған", - деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.

Қазір судан сегіз адамның денесі шығарылды, қалғандарын іздеу жалғасып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігінің, аудандық ТЖ, орман шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, еріктілер жіберілген. Олар бірден іздестіру шараларына кіріскен.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 11 адам суға батып кеткені, құтқарушылар 6 мәйітті тапқаны хабарланған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова