Қытайлық компания Қазақстанда вольфрам өндіреді

Қытайлық компания Қазақстанда вольфрам өндіреді
Фото: pixabay

Қытайлық компания Алматы облысының аумағында вольфрам өндіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңір әкімдігі мәліметінше, тиісті меморандумға Алматы облысының әкімдігі мен қытайлық "Jiangxi Copper Corporation" компаниясының өкілдері қол қойған.

Компания Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылдық округінде "Богуты" вольфрам кен орындарын өнеркәсіптік игеру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобаны іске асыру барысында 350-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылатыны айтылды.

Ал облыс экономикасына салынған инвестиция сомасы 135 миллиард теңге болған. Жоба 2024 жылы іске асырылады. Өндіріс қуаттылығы жылына 3300 тоннадан асады.

Қазір компания осы жоба бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында бірқатар келісімге, соның ішінде ҚР және ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойылған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова