- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аллергия мен демікпе...
"Аллергия мен демікпе ауруы өршіп кетті". Қайназар ауылы тұрғындары кірпіш зауытын көшіруді талап етіп отыр
Қайназар ауылының тұрғындары екі жылдан пері кірпіш зауытынан зәбір көріп келеді. Санитарлық нормаға сай келмейтін өндіріс орны ауылдан не бары 57 метр қашықтықта орналасыпты. Салдарынан 5 мыңға жуық ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. "Жел тұрса ауылды сары топырақ басып, кірпіш зауытынан бөлінген көміртегі тотығынан жаппай аллергия болдық" деген ауыл тұрғындарының жанайқайын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Құзырлы органдардың ескертпесін елемеген зауыттың халыққа тигізер зияны аз болмай тұр. Ауыл тұрғындарының тыныштығын бұзып қана қоймай, төрт түліктің жайылымын тарылтқан. Баспанасы өндіріс орнынан таяқ тастам жерде салынған Мәкен Омарова тау қозғалып, үйімізді көшкін басып қала ма деп қауіптенеді. Себебі кірпіш зауыты шикізат көзін осы таудағы сары топырақтан алып отыр.
"Таудың бәрін шетінен қопарып жатыр. Мал жаятын жер жоқ. Суарылым сулардың бәрі тартылып кетті зауыттың кесірінен. Тура ар жағында орыстардың бейіті бар. Тау қозғалып бері қарай көшетін болса 80-ге тарта үйді басып қалады. Халықты қырып тастайды ғой. Мынау неғылған сұмдық? Біздің талабымыз мына зауытты түгелімен бұзып, жерімізді қайтарып берсін" дейді ауыл тұрғындары.
Кірпіш зауытының кесапаты мұнымен бітпек емес. Ауылда аллергия мен демікпе ауруы қаптаған. Бұдан бөлек "ауылымыздың табиғаты да адам танымастай өзгеріп, жер ана құнарынан айырылды" дейді тұрғындар.
"Бұлар арнайы пешке көмір арқылы тасты күйдіреді. Күйдірген кезде жаздың күні ауылдың температурасы 45-50 градусқа дейін көтерілді. Терезе есікті аша алмаймыз. Түнде көмір мен қолаңса иіс келген кезде демалу мүмкін емес. Зауыт қалай жұмысын бастады, балаларымның барлығында аллергия. Бау-бақша сала алмаймыз. Әйтпесе бұл жерде жеміс жидектер 10-15 күн ерте пісетін. Қазір 2 жыл болды ештеңе шықпайды. Кір жая алмаймыз. Сары топырақ басып қалады", - дейді ауыл тұрғыны Бейсенгүл Бәйсебекова.
Мәселенің алдын алу үшін 2 жыл бұрын аудан әкімі арнайы комиссия құрып, жердің санитарлық нормаға сай келмейтінінін айтып, зауыттың иесіне ешқандай өндіріс ошағын салмауды тапсырған. Алайда құзырлы органдарға құлақ аспаған басшылар басында жылыжай болады деп сендіріп, өздеріне тиесілі жерді қоршап алып, екі айдан кейін кірпіш шығаратын зауыт жұмысын бастап кеткен.
Даудың басы да дәл сол сәттен басталыпты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өндіріс орны жұмысын бастағанымен, ешқандай құжаты болмаған.
Санитарлық талапқа сай ауыл мен зауыттың арақашықтығы 500 метр болуы тиіс. Алайда ауылдан не бары 57 метр жерде орналасқан. Көміртегі тотығы бөлінеді. Жел соқса бүкіл ауылды сары топырақ басып қалады. Ауылды былай қойғанда аудан орталығы Есік елдімекеніне дейін барады. Бұларда сәулет-жоспарлау тапсырмасы, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің рұқсаты, экологиялық рұқсат қағазы жоқ", - дейді Берік Дуанбеков.
Өндіріс орнының зауалын айтып, талай жылдан бері қақсап келген қараша ақыры біреуінің заңсыз салынғанын дәлелдеген. Қайназар ауылының тұрғыны Келгенбай Тұяқов "зауыттың заңсыз екенін дәлелдеу үшін құзырлы органдарға бірнеше мәрте баруға тура келді" дейді.
"Бұл нәтижеге жету үшін облысқа 21 рет бардық. Ауданға аптасына 3-4 рет барып жүрміз. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментіне барып мәселемізді түсіндіріп, тұрғындардың талабы заңды екенін дәлелдедік. Ақыры жоғары соттан зауыттың тас кептіргіш бөлігін бұзу туралы шешім шықты" дейді Келгенбай Тұяқов.
Алайда бұл процесс ұзаққа созылыпты. Заңды түрде жеңілсе де жазаға тартылмаған зауыт жұмысын жалғастыра берген. Ауыл тұрғындарынан жасырынып түнгі мезгілде кірпіш шығарыпты. Ақыры сот шешімінен 8 ай өткеннен кейін 27 шілдеде өндіріс орнының кептіргіш бөлігін бұзып тастаған. Алайда зауыттың иелері басқа бөлігін бұздыңдар деп, сот орындаушысының үстінен арыз беріпті. Бұқара бұл әрекетті зауытты жаппас үшін созбалаңға салған әрекет деп есептейді.
"Бұлар бұрынғы екі судьяны жалдап алған. Олар заң бойынша түрлі шағымдар ойлап тауып, аппеляцияға беріп отыр. Сот орындаушысы соттың шешімі бойынша құжатпен келеді. Келіп кептіргішті бұзады. Алайда соны заңсыз деп сотқа беру ақымақтық қой. Бұлар уақыт созып отыр. Заң бойынша жұмысын тоқтатқан зауыт түнделетіп қызметін жалғастыра береді. Өз көзімізбен көрдік", - дейді Ақжол есімді ауыл тұрғыны.
Екінші тарап та қолынан келгенше өз ақпаратын таратып жатқан көрінеді. Соның дәлелі зауыт басшылығы 5 мың адамның талабын елемей, әлеуметтік желіде "жиырма жылдан бері күш салған өндіріс орнын қиратып жатыр" деп бейнеүндеу жариялаған. Оны депутат Дәулет Мұқаев пен журналист Қуат Ахметжанов өздерінің инстаграм парақшаларында да жариялапты.
"Еңбектеніп, жұмысы қайнап жатқан зауыт кімге бөгет жасады дейсіздер ме? Маған жеткен ақпарат бойынша, жергілікті шенеуніктерге кірпіш зауыты жақпай қалған. Себебі иесі доля бермеген. Әрі дәл осы ауылда тағы 2 кірпіш зауыты бар екен. Ол жердегі кірпіш бағасы 40-44 теңгеден болса, мына жерде соңғы уақытта 30 теңгеден аспаған. Экономика заңы бойынша, бәсеке бар жерде даму бар дейміз. Ал біздің елдегі жалмауыздардың жазылмаған заңы бойынша даму емес, бұзу (қирату, сындыру, жоқ қылу, тартып алу) бар. Соның дәлелі мына видео", - деп жазды Дәулет Мұқаев өзінің инстаграмм парақшасында.
Алайда ауыл тұрғындары депутат ретінде халықтың талабын тыңдамады деп Дәулет Мұқаевқа ашулы.
"Барлық жерде біздің ауылдың адамдарын жамандап жатыр. Ауылдың адамдарына жұмыс орнын тауып беріп жатырмыз деп жалған ақпарат айтуда. Біздің ауылдан бірде-бір адам жұмыс істемейді. Осындай танымал адамдардың ақпаратты тексермей, оңды-солын көрмей жариялағанына ашулымыз. Біз ақша беріп жасатты ма деп ойладық. Қуат Ахметжановтың да нөмірін тауып хабарластық. Астанадамын деді, анау деді, мынау деді ақыры телефонын алмай қойды", - дейді ауыл тұрғыны Ақжол Қайнаров.
Сот орындаушысының үстінен түсірілген арыз бойынша ашық сот отырысына келген кәсіпорын өкілдері сұрағымызға жауап бермей, ат-тонын ала қашты.
Ал, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті кәсіпорын басшысына бір емес, бірнеше мәрте зауыттың кептіргіш бөлігін бұзу туралы сот шешіміне сәйкес пәрмен бергенін айтты. Біздің сұрағымызға жауап берген ресми хабарламада:
"Еңбекшіқазақ Ауданаралық аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы "Құрылыс Көмек ХХІ" ЖШС-нің өз бетінше құрылысты бұзу міндеті туралы хабарлама тапсырды. Алайда бүгінгі күнге дейін "Құрылыс Көмек ХХІ" ЖШС соттың шешімін орындаған жоқ. Сот орындаушысы 2023 жылғы 17 шілдеден, 2023 жылғы 26 шілдеге дейін ерікті түрде зауыттың кептіргіш бөлігін бұзуды тапсырды. Алайда, "Құрылыс Көмек ХХІ" ЖШС атқарушылық құжатын орындамады, осыған байланысты 2023 жылғы 27 шілдеде сот орындаушылары сот шешімін мәжбүрлеп орындады, нысан бұзылды", - делінген.
Ауылдың адамдары зауыттың түбегейлі жабылуын талап етіп отыр. Сорақысы сол, тұрғындардың айтуынша өндіріс орнынынң 49 пайыз акциясы қытайлық кәсіпкерге тиесілі екен. Тіпті жеті қытай азаматы жұмыс істейтін көрінеді. Ал ресми деректерде бұл ақпарат көрсетілмеген. "ҚҰРЫЛЫС КӨМЕК - ХХІ" ЖШС басшысы РАМАЗАН МӘРЗИЯ есімді азаматшаға тиесілі деп тұр. Кірпіш зауыты мен аукыл тұрғындарының текетіресі ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені біріне бірі сілтеп, өзара кінәласқандар соңғы шешімін айтар құзырлы орын таппай отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов