Сарапшы балалардың телефон пайдалануы неге қауіпті екенін түсіндірді

Сарапшы балалардың телефон пайдалануы неге қауіпті екенін түсіндірді
Фото: pixabay.com

Бүгінде адам өмірін смартфон, гаджеттерсіз елестету қиын. Кез келген істі телефонмен-ақ бітіретін жағдайға жеттік. Смартфон, гаджеттер - балалар да қолданатын құралға айналды. Алаяқтар көбейген қоғамда балалар да олардың құрығына түсіп жатады. Балаларды интернет-алаяқтардан қалай қорғау керек? Бл туралы Massaget.kz тілшісіне "Касперский Зертханасының" Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов түсіндіріп берді. 

Валерий Зубанов балалардың технологиялық әлемге бейімделуі маңызды екенін айтады.

"Балаға гаджетті, оның ішінде, планшет не ұялы телефонды қай жаста беруді әр отбасы өзі шешеді. Бірақ кішкентай күннен балаға цифрлық сауаттылық мен дұрыс цифрлық әдеттер қалыптастыру маңызды. Бала бұл қағидаларды білмесе, отбасындағы атмосфера бұзылуы мүмкін. Себебі Қазақстанда сауалнамаға қатысқан ата-аналардың үштен бірі балалардың телеон қолдануы салдарынан отбасында жанжалдар болғанын айтқан. Респонденттердің 66 пайызы жанжал туындауының себебі - баланың интернетті шамадан тыс көп қолдануы және ойын ойнауы екенін айтқан", - дейді Валерий Зубанов. 

Балалар алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалуы мүмкін? 

"Адамның жеке өмірі мен интернеттегі қауіпсіздігіне төнетін қауіптердің бірі - интернеттегі ашықтық. Әлеуметтік желі арқылы өмірін көрсете беретін адамдардың баласы алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Олар балаларға қатысты ақпаратты түрлі мақсатта қолдануы мүмкін. Оның ішінде, кибербуллинг, онлайн-груминг (ересек адамның кішкентай баланы қорқытып, қоқан-лоқы көрсету арқылы интим-байланысқа түсу), скам (интернеттегі алаяқтық) бар. Сондықтан балаларға желідегі қауіпсіздік негіздері, бейтаныс адамдармен желіде байланысу және оның қаупі туралы айту қажет", - дейді маман. 

Баланың Желідегі алаяқтардан қалай қорғаймыз? 

"Баланы желіде, әсіресе ерте кезеңдерде қорғау үшін заманауи технологиялар қолдану маңызды: ата-аналық бақылау бағдарламаларын, нөмірді автоматты түрде анықтайтын қосымшаларды орнатып қойған жөн. Алайда, техникалық шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан балаларға киберқауіпсіздік негіздерін үйреткен дұрыс", - дейді Валерий Зубанов.

Балалар телефонға жүктеп алатын қосымшалар қаншалық қауіпті? 

"Балаңыз күмәнді қосымшаны жүктеп алмауы үшін қауіпсіздік тақырыбында сөйлескен дұрыс. Яғни қосымшаларды ресми сайттардан жүктеп алу керегін түсіндіріп, сол қосымшаларды жиі жаңартып тұру керек. Сонымен қатар, қандай да бір қосымшаны жүктеп алардан бұрын оның рейтингі мен адамдар жазған пікірлерге назар аудару керек", - дейді сарапшы.  

Қауіпті қосымшаны қалай анықтау керек? 

Валерий Зубанов өзіңізді қауіпті қосымшалардан қорғаудың ең оңай әдістерінің бірін айтты. 

"Ол - қосымшаларды ресми дүкендерден немесе әзірлеуші компанияның веб-сайтынан жүктеңіз. Бірақ кейде тіпті ресми дүкендерде де скам-қосымшалар болуы мүмкін. Сондықтан қосымшаны жүктеп алардан бұрын, адамдар жазған пікірлерге назар аударыңыз", - дейді Валерий Зубанов.  

Еске салайық, бұған дейін Валерий Зубанов адамдар неге интернет-алаяқтарға алданып қала беретінін түсіндірген болатын. 

Сонымен қатар, Зубанов туристер қандай жағдайда алаяқтардың алдауына түсіп қалатынын түсіндірген еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина