"Әмеңгерлік жолмен қайнағама қосты". 85 жастағы кейуана тағдыры туралы айтты

"Әмеңгерлік жолмен қайнағама қосты". 85 жастағы кейуана тағдыры туралы айтты
Фото: Автордан

Қызылордалық Күлтай Нұржанова қазақтың әмеңгерлік салтымен тұрмысқа шыққан. Бүгінде оның жасы 85-ке таяп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейуана Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында тұрып жатыр.

"18 жасымда күйеуге тидім. Омар Нұржановпен көңіл жарастырып, отау құрдық. Тоғыз жылдан кейін сұм ажал оны арамыздан алып тынды. Екі қыз, екі ұлмен жесір қалдым", - деді Күлтай апа.

Арада жарты жыл өткесін туған қайнағасы Әубәкір әйелінен айырылған. Оның бір ұл, екі қызы бар еді. Ендігі жерде балаларды жетімсіретпеу мақсатында ағайын-туыс ақылдаса келе әмеңгерлік жолмен екеуін қосуды ұйғарған. Сөйтіп, Күлтай әже өмірге бір ұл, төрт қыз әкеліп, отағасымен бірге 12 баланы бағып-қақты. Қазір соның 9-ы кейуананың көз алдында, балаларының ортасында.

"Анам 5 жасымда дүниеден қайтты. Еміс-еміс есімде, екі үй көрші орналасқан болатын, ата-әжеміз қасымызда. Бір үйдің балаларындай араластық. Күлтай анамыз бізді бөліп-жарған емес. Омар әкемізбен иық тіресіп егіс басында еңбек етті. Әкеміз тілге жүйрік, қолынан келмейтіні жоқ бесаспап кісі еді", - деді қызы Рахима Нұржанова.

Омар ата 68 жасқа дейін өмір сүрген. Ал жұбайы ешқашан оның атын атамапты. "Біздің үйдің кісісі" дейді екен.

"Шешеміз әлі күнге тың, Аллаға шүкір. Көңілінің кеңдігі шығар, бір-бірімізді жатсынған кезіміз жоқ", - деді қызы Ләйла Нұржанова.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы