Өз туған күнінде күйеуінің қолынан қаза болған қызылордалық әйелдің өліміне байланысты полицейлер сотталды

Өз туған күнінде күйеуінің қолынан қаза болған қызылордалық әйелдің өліміне байланысты полицейлер сотталды
Фото: instagram.com/nemolchi.kz

Қызылорда қаласының №2 соты күйеуінің қолынан қаза болған Ажар Шадиеваның өліміне байланысты полиция қызметкері Ерсұлтан Қуанышбайды "Қызметтегі әрекетсіздік" бабымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Азаттық" радиосына сілтеме жасап.

Бұл туралы НеМолчиKZ қорының төрайымы Дина Таңсәрі Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Сот полиция қызметкерін лейтенант атағынан айырып, өмір бойы органында жұмыс істеуіне тыйым салды. Сот Ерсұлтан Қуанышбайды жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде бес миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Полиция қызметкерінің тағылған айыпты мойындаған-мойындамағаны белгісіз.

27 жастағы Ажар Шадиеваны 2022 жылдың тамызында күйеуі ұрып өлтірген. Марқұмның жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Шадиева туған күнін атап өтуге күйеуі Руслан Отарбаевпен караокеге барған. Ақпаратқа қарағанда, караоке жанында полиция бекеті болған.

НеМолчиKZ қоры қаңтарда Отарбаевтың Шадиеваны ұрып жатқан сәті түсірілген видеоны жариялады. Онда полиция қызметкерлерінің жұбайларға келгені көрінеді. Бірақ полиция марқұмды күйеуінен ажыратып алмайды.

Бұған дейін марқұмның туыстары Шадиеваның өліміне жол берген 15 полиция қызметкерін қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен.

Наурызда марқұмның күйеуі Руслан Отарбаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша 12 жылға сотталды.Прокурор Отарбаевқа 20 жыл түрме жазасын сұраған еді. Марқұмның туыстары үкімге келіспеген, олар айыпталушыға өмірлік түрме жазасын сұраған. Шадиеваның артында үш баласы қалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан