"АрселлорМиттал Теміртау" кенішінде өрт шықты, жұмысшылар эвакуацияланып жатыр

"АрселлорМиттал Теміртау" кенішінде өрт шықты, жұмысшылар эвакуацияланып жатыр
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Казахстанская" шахтасындағы апатқа байланысты кеншілер эвакуацияланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "Казахстанская" шахтасында конвейер лентасы өртенді. Шахтада 227 адам болған. Шахтада конвейер лентасының тұтануына байланысты апатты жою жоспары енгізілген. Мамандандырылған авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері кеншілерді шұғыл эвакуациялап жатқаны айтылды.

"17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" Көмір департаментіне қарасты "Казахстанская" шахтасындағы (горизонт - 170 м) жұмыс кезінде конвейер лентасы жанды. Апатты жою жоспары енгізілді. Шахтаны желдету кері позицияға ауыстырылды", - деді Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына сілтеме жасап.

Апат орнында 15 қызметкер мен 5 техникадан тұратын мамандандырылған авариялық-құтқару қызметінің үш бөлімшесі, сондай-ақ облыстық ТЖД-ның 8 қызметкері мен 2 техника жұмыс істеп жатқаны хабарланды.

"Шахтада барлығы 227 адам болған. Қапталдағы оқпан арқылы адамдарды шахтадан жер бетіне шығарады. 131 адам шығарылды", - делінген жедел хабарламада.

Оқиға орнында облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мен Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жүр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан