"Бала-шағамыз аш қала ма?" Судан тарыққан Жамбыл облысының шаруалары төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр

"Бала-шағамыз аш қала ма?" Судан тарыққан Жамбыл облысының шаруалары төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр
Фото: А.Сырымбет

Қазір Жамбыл облысындағы ағын су тапшылығынан шығынға батқан шаруалардың шағымы үлкен проблемаға айналды. Қырғызстаннан келетін су өңірдегі су қоймаларына жылдағыдан аз мөлшерде жіберілуі бір емес бес ауданның диқандарын күндіз күлкіден, түнгі ұйқыдан айырып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай ауылының тұрғындары каналдың суы Жамбыл ауданына бұрылып кетіп жатқанын жеткізді.

"Сеңкібай каналының суын екі ауданға бөліп беретін қақпалары бар. Байзақ ауданына бөлінетін жердегі қақпаға ешкім тимейді де, ұрылар Жамбылға су жіберетін қақпаны жиі ұрлап кетіп, су есепсіз Жамбыл ауданына кетеді екен. Бұл қалай? Ондағы шаруалар отбасын асырауы керек екен, біз ше? Біздің бала-шағамыздың несібесін кім ойлайды?" - дейді байзақтық диқан Әнуар Серікбаев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, тоқсаныншы жылдарда каналдың суын Жамбыл ауданына бұрып жіберген. Оны дер кезінде көтеріп, мәселені шешуге ешкім құлықты болмаған. Каналдан 9 жерден су бұратын шлюздердің бәрі дерлік көрші ауданға бағытталған.

"Жер жыртқызамыз, тракторшының еңбекақысын береміз. Тұқым аламыз, оны егеміз. Қаншама шығын кетеді. Сондағы үмітіміз өнім беретін кезде оны сатып, табыс табу ғой. Бірақ осы шығынның өзі өтелмей тұр", - деп шағымданды Асылбек Сүлейменов есімді ауыл тұрғыны.

Досым Жиенбаев еккен қарбыздары өспей қалғанын айтады.

"Су ішпей, өспей қалған қарбыздарымызды кім алады енді?! Бір машина қарбызды 25 мыңға басып, қалаға апара жатырмын. Еккенде кеткен еңбекті айтпағанда, жүк көлігіне басқан шығын да ақталмайды", - деп түсіндірді ол.

Ала жаздай су ішпеген егістік алқаптары ыстыққа күйіп, қурап кеткен. Егістік жері сеңкібайлық диқандарымен қатар жатқан көрші Жалғызтөбе ауылының шаруасы Әбілсейіт Монбаев 6 гектарға еккен қант қызылшасы түгел күйіп кеткенін айтып күйінді.

"Қант қызылшасы 80 пайыз шығым берген. Өспей қалды. 4 гектарға жүгері ектім, 50 пайыз ғана өсім беріп тұр. Екінші суарымнан кейін, суға қол жетпей тұр. Қырғыз елі су бермей кешіктіріп отырғанын түсініп отырмыз. Бірақ бар суды шаруаларды шырылдатпай әділ, тең бөліп беруі керек қой. Арғы бетте біз секілді бір шаруа 500 гектар жерге қызылша егіпті. Оған су барып тұр. Жамбыл ауданының диқандары жерлерін екі рет суғарады, бізге бір-ақ рет беріледі. Сонда олардың бала-шағасы бала да, біздікі аш қалуы керек пе? Сонау ерте көктемде судың тапшы болатынын білді ғой. "Биылғы жағдай мынадай болып тұр, егістік көлемін азайтыңдар" деп талдау жүргізсе, бақша дақылдарын өсіретін шаруаларға жоспар жасап, бөліп берсе, мұндай болмас еді", - дейді ол.

Жалғызтөбе ауылдық округіндегі "Сеңкібай" каналының құрылыс жұмысы бойынша тендерді 2021 жылы "ҚұрылысТЭД" ЖШС ұтып алған. Ұзындығы 21,8 шаршы метр болатын канал құрылысы аяқталса, 4 мың гектардан аса алқап суаруға мүмкіндік туар еді. Алайда мердігер каналдың бас жағында 800, аяқ жағында 300 метр каналды бетондаған да, сонымен құрылыс жұмысы тоқтап қалған. Диқандар осы аралықтағы канал бетондалса, су шығыны аз болатынын айтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz